Облыстық кардиологиялық орталықта жүректің ишемиялық ауруының күрделі түрлерін емдеу бойынша 3 күндік шеберлік сабағы өтті. Дәрігерлер созылмалы коронарлық окклюзиямен ауыратын науқастардың жүрегіне 8 жоғары технологиялық ота жасады. Операция ротациялық атерэктомияны, арнайы баллондар мен жаңа стенттерді қоса алғанда, заманауи мүмкіндіктерді пайдалану арқылы жүргізілді. Сондай-ақ, хирургтер дәрілік жабыны бар баллондарды да қолданды. Ол тамырлардың қайтадан бітелу қаупін төмендетеді.
ДМИТРИЙ ТЁ, облыстық кардиологиялық орталықтың рентген-хирургі:
— Шеберлік сабағы аясында көмек көрсетілген топ маңызды орын алады. Мысалы, коронарографиядан өткен пациенттердің 18%-дан 32%-ға дейінгі бөлігінде созылмалы диффузиялық кальцийленген зақымданулары бар. Оларға операция жасау өте қиын. Бұл – стационарға бірнеше рет жатқызылатын күрделі пациенттер. Мұндай жандарды емдеуге көп қаражат жұмсалады. Ал заманауи технологиялар шығынды азайтуға, өмір сүру сапасын жақсартуға және коронарлық артерияларды ашуға мүмкіндік береді.
Шеберлік сабағын сонау Новосібірден арнайы шақырылған сарапшы-доктор Анатолий Ларионов өткізді. Ол теріскейлік дәрігерлердің дайындық деңгейін және облыстық орталықтың операциялық бөлмелерінің техникалық жабдықталуын жоғары бағалады. Жоспар орындалды. Ота жасалған науқастар өздерін жақсы сезінуде, қазір мамандардың жіті бақылауында, алдағы бірер күнде үйлеріне шығады.
АНАТОЛИЙ ЛАРИОНОВ, рентген-эндоваскулярлық хирург, РФ:
— Біз осы әдістерді тиімді қолдана отырып, жүректе бітелген тамырлардағы қан айналымын қалпына келтіруге мүмкіндік береміз. Бұл жүректің жұмысын жақсартады, коронарлық артериялардың металдануын азайтады. Қазір қажетті дүниелер бар. Түрлі тәсілдерді таңдап, науқастарға көмектесе аламыз. Тек білім мен біліктілік керек. Мен осы бағытта алға жылжып жатқанымызға және Петропавлдағы әріптестерімнің шеберлік шыңдағанына өте қуаныштымын.
Операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жасалады. Оған мұқтаж науқастар тексеруден өтіп, өңірлік кардиоорталықта емделеді. Анатолий Ларионов солтүстікқазақстандық әріптестерін Новосібірде өтетін күрделі жүрек патологияларын емдеу жөніндегі халықаралық конгреске шақырды. Жерлестеріміз онда өздерінің клиникалық тәжірибелерін таныстыра алады.
Байболат Құлтанов