Қоғам

Облыстық ҚХА ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Ардагерлерге құрмет. Облыстық кітапханада Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай салтанатты шара өтті. Жиын барысында ассамблея құрылған сәттен бастап еңбек еткен, ұйымның дамуына өз үлесін қосқан ардагерлерге құрмет көрсетілді.

ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

— 100-ден аса ұлт өкілінің ізгі мақсаты – қоғамдағы тұрақтылықты сақтау. Осы орайда барлық қоғамдық бірлестік және ұйым атынан осы азаматтарға ризашылығымды білдіремін.

Валерий Евдокименко – 5 жыл облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі болып қызмет еткен азамат. Қазір зейнетке шығып, бала-шағасының қызығын көруде. Қоғам қайраткері: “Ассамблеяның жұмысы тек іс-шараларды ғана ұйымдастыру емес, сан түрлі этностың басын қосып, ауызбіршілікті сақтап отырған саяси ұйым”, – дейді.

ВАЛЕРИЙ ЕВДОКИМЕНКО, облыстық ҚХА хатшылығының бұрынғы меңгерушісі:

— Менің қызметтік мансабым мұғалімдіктен басталды. Кейін 2005 жылы Ассамблея хатшылығының меңгерушісі қажет екенін естіп, конкурсқа қатысып көрдім. 10 адамның ішінен мені таңдап алды. Сол жылдары ресейлік тараппен бірлесіп, біраз ауқымды іс-шара өткіздік. Халықтың ауызбіршілігін нығайту мақсатында шетелге де шығып, тәжірибе алмастық.

Шара барысында әр азаматтың еңбегі туралы айтылды. Олардың қызметтері жайлы видеороликтер дайындалған. Өнерпаздар да өнерлерін ортаға салып, ән шырқады. Жалпы, шара аясында 6 азаматқа алғыс хат пен арнайы сыйлық табыс етілді. Қазіргі таңда олардың барлығы бейнеттің зейнетін көріп отыр.

 

Мәдина Қаби