Шабындықта тер төккен М.Жұмабаев ауданының шаруалары жиі аялдауға мәжбүр. Бұған себеп – әлсін-әлсін өткінші жаңбырдың жаууы. Дегенмен,«СК АГРО 2050» серіктестігінің өкілдері ауқымды жұмыстың басын қайырды. Еңбекқор қызметкерлердің арасында күн сайын жақын маңнан келіп істейтін адамдар да бар.
ВАЛЕРИЙ СЫСОЛЯТИН, «СК АГРО 2050» ЖШС механизаторы, М. Жұмабаев ауданы:
— Көрші ауылда тұрамын. Серіктестікте өткен көктемнен бастап еңбек етемін. Жақсы жалақы аламыз. Табысымыз кешіктірілмейді, уақытында беріледі. Жұмыс күніміз таңғы 8-де басталады. Жексенбі демаламыз. Егер жаңбыр жаумаса демалмаймыз, күнімізді шабындықта өткіземіз.
Бүгінде серіктестік мамандары қажетті шөптің 70% дайындаған. Жақын маңдаға алқаптарда жүгері мен арпа да өсіп тұр. Олар сүрлем мен пішендеме әзірлеу үшін керек.
ӘЛІБЕК ҚОЖАБЕК, «СК АГРО 2050» ЖШС суару бригадасының бригадирі, М. Жұмабаев ауданы:
— Ауданы 400 гектарды құрайтын алқапта қылтықсыз арпабас шөбін өсірдік. Көпжылдық мал азығының құнарлылығы өте жоғары. Төрт түлік сүйсініп жейді. Шөпті суға тигізбеу қажет. Бірден ферма аумағына тасып, үйіп жатырмыз. Шығымдылыққа көңіліміз толады. Әрине, былтырғыдан төмендеу. Бірақ, “жақсы” деген бағаға лайық. Өткен жылдан азық қалды. Қыстан қысылмай шығамыз деген ойдамын.
Енді жалпы аудандағы жағдаймен бөлісейік. Жұмабаевтық шаруалар әлі білек сыбана тер төгу қажет. Бүгінде еңбекқор жерлестеріміз қысқа керек шөптің 40% дайындапты. Маңызды науқан жайлы Үкімет қабырғасында да айтылды. Алқалы жиында Премьер-министр жауаптыларға тапсырма берді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-министрі:
— Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, қыс айларында ауыл шаруашылығы жануарларын жем-шөппен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 1-ші қазанға дейін мал азығын дайындау науқанын аяқтасын.
Мал ұстайтын халық шабындықпен қамтылуы қажет. Үкімет бұл мәселені назарсыз қалдырмайды. Елімізде пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекеттік қорға қайтарылып жатқаны мәлім. Бүгінде сол аумақтар біртіндеп отандастарымызға берілуде.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-министрі:
— Тұрақты мал азығы қорын қалыптастыру мақсатында биыл жем-шөп дақылдарының егіс алқабы 3,3 млн гектарға дейін ұлғайды. Сондай-ақ, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттік қорға қайтару шараларының арқасында 2022 жылдан бастап 11 млн гектар жайылымдық алқап кері қайтарылды. Оның көп бөлігі халыққа қайта бөлініп берілді.
Елімізде мал шаруашылығын мықтап дамытуға болады. Жиын барысында Олжас Бектенов жануарларды заңсыз әкетуге жол бермеу және аналық тұяқтыларды субсидиялауды қолдау маңызды екенін атап өтті.
Байболат Құлтанов