Өңірде «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Науқан қазанның соңына дейін жалғасады. Мақсат – құрамында есірткісі бар өсімдіктердің заңсыз егілген, сақталған және өңделетін жерлерін анықтап, көзін жою. Ауқымды іс-шараға тәртіп сақшылары, әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының өзге де өкілдері жұмылдырылған. Бір ай ішінде біраз жұмыс атқарылған.
АСҚАР МҰХАМЕТҚАЛИЕВ, СҚО ПД бастығының міндетін атқарушы:
— Іс-шара барысында өңір тұрғындарына жабайы қарасораны жою қажеттігі туралы 780 ескерту тапсырмасы берілді. Бұл талаптарды орындамағаны үшін 45 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Маусымнан бастау алған шара барысында есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты 20-ға жуық қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Нәтижесінде 2 келі наша тәркіленген, оның 250 грамы – синтетикалық есірткі. Есірткі адамның тәнін де, жанын да улайды. Оның зиянын білген адам нашадан аулақ жүреді.
АСҚАР МҰХАМЕТҚАЛИЕВ, СҚО ПД бастығының міндетін атқарушы:
— 2025 жыл – ҚР Ішкі істер министрлігімен Профилактика жылы деп жарияланды. Біз тек саналы, жүйелі және түсінікті профилактикалық жұмыс арқылы ғана есірткі қылмысының деңгейін төмендетіп қана қоймай, балаларды, жастарды, отбасыларды есірткіге тәуелділік сияқты үлкен қауіптен қорғауға болатынына сенімдіміз.
Профилактика өзінің оң нәтижесін беретініне полицейлер сенімді. Шенділер бір айдың ішінде 100-ден астам іс-шара ұйымдастырған. Ақпараттық-түсіндіру науқаны барысында 20 мыңнан астам жас қамтылған.
Ақтолқын Солтанханқызы