БалаларДенсаулық сақтау

Ауыр дертке шалдыққан Әлтайыр Еркебұланның еміне әлі қомақты қаржы керек

Көпшіліктің жүрегін елжіретіп, көзге жас келтірген Әлтайыр Еркебұланға шұғыл түрде көмек керек. Бұл батыр баланы қазақстандықтар біледі. Ол 2 жылдан бері кез келгеннің басын шайқататын қан обырымен күресіп жатыр. Өткен күндерді еске алайық. Қыстыгүні балақай ангинамен ауырып қалады. Кейін ыстығы көтеріле бастайды. Бұл – асыр сала шапқылаған жеткіншек үшін қалыпты жайт. Дегенмен, температура түспей қояды, денеде қызыл дақтар да пайда болады. Сол кезде Әлтайырдың анасы ауруханаға жүгінеді.

МЕРУЕРТ ТӘЛІПОВА, Әлтайырдың анасы: 

— Әкесі екеуміз облыстық ауруханаға алып барып, қан тапсырдық. Дәрігерлер бірден жүгіріп кетті. Екінші рет қайтадан қан тапсырдық. Кейін бізді гематолог кабинетіне шақырып алып, жағдайды түсіндірді.

Өз құлағына өзі сенбеген ана да, әке де тезірек ақиқатқа көз жеткізгісі келеді. Олар елордалық дәрігерлерге жүгінеді. Өкінішке қарай, “Қан обыры” диагнозы расталады. “Баламның табанына кіретін тікен менің маңдайыма кірсін” дейтін әке-шеше ұлдарын Астанаға жеткізіп, “Ана мен бала” орталығында жедел емге кіріседі. Нәтижесінде Әлтайыр аты жаман аурудан айығады. Алайда, қуаныш көпке созылмады. Жұдырықтай ғана жерлесіміз лимфобласты лейкозге шалдығады.

МЕРУЕРТ ТӘЛІПОВА, Әлтайырдың анасы: 

— Баладан ұманың бұралуы анықталды. Кейін облыстық балалар ауруханасында шұғыл ота жасалды. Бірақ, жұмыртқа көгеріп кетті. Кейін, елордалық дәрігерлерге жүгіндім. Сол кезде анализдер тапсырып, рецидив болғанын айтты. Операция баланың жағдайы нашар кезде жасалғандықтан дерт қайталанған.

Тәліповтер отбасының ендігі үміті – Қытай медицинасында. Балаға қажет тиісті ота аспанасты елінде ғана жасалады екен. Операцияның құны – 130 миллион теңге. Қарапайым отбасы үшін бұл – өте үлкен сома. Осы орайда Әлтайырдың ата-анасы барша қазақ елінен кезекті рет барынша көмек сұрайды.

Қаражат жинау мақсатында отағасы марафон да ұйымдастырды. Мақсаты – елдің назарын баласына аудару. Әлтайыр үшін отқа да, суға да түсуге даяр қайсар азамат Қызылжардан Астанаға дейінгі жолды велосипедпен еңсерді.

ДАНИЯР ТӘЛІПОВ, Әлтайырдың әкесі:

— Марафонды 12-ші маусымда бастадым, ұзақтығы 6 күнді құрады. Атбасар арқылы жүрдім. Нәтижесінде жол ұзарды. 18-ші маусым күні түс уақытында Астанаға кірдік.

Бүгінгі күні қажетті 130 млн-ның тек 42 млн теңгесі ғана жиналыпты. Айта кетейік, бұл – тек отаның құны. Оның сыртында Тәліповтер отбасының жол шығыны мен тамақтануы бар. 9 жастағы Әлтайыр Еркебұланның өмірге деген құлшынысы қуантады. Балақай тезірек құлан-таза аяғып, қатарластарымен доп қуалағанды, ағасымен қатарласа мектепке баруды армандайды.

ДАНИЯР ТӘЛІПОВ, Әлтайырдың әкесі: 

— Балам өскенде кәсіпкер боламын дейді. Біз баламызды қолдаймыз. Бізге баланың амандығы керек.

Барша қазақстандықты Әлтайыр Еркебұланға шұғыл түрде көмек қолын созуға шақырамыз. Бейжай қарамайтын жандар балақайдың анасына, яғни Меруерт Тәліпованың төменде көрсетілген нөміріне қаражат аудара аласыздар.

 

Ақтолқын Солтанханқызы