Қоғам

Ұлттық домбыра күні дүние есігін ашқан нәрестеге домбыра тарту етілді

Домбыра – атадан балаға жеткен мұра. Ұлттық құндылықтарымызды бойға сіңіріп, еліміздің үлгілі азаматы болып өссін деген тілекпен музыкалық аспап айтулы датада дүниеге келген нәрестеге тарту етілді. Өнегелі шараны облыстық ҚХА өкілдері ұйымдастырды.

Ғазиза Басымбек сәбиін шілденің 5-сінен 6-сына қараған түні сағат 1:10-да босанған. Келіншек мереке күні 3-ші баласын дүниеге әкелді. Екі қызы бар. Ата-анасы перзенттің есімін ақылды, білімді болсын деп ырымдап Дарын деп қойған.

ҒАЗИЗА БАСЫМБЕК, Булаево қаласының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

— Өзім солтүстікке арман қуып оқуға келгенмін. Шымкенттің тумасымын. Оқуымды аяқтағаннан кейін тұрмысқа шығып, теріскейге келін болдым. Шынын айтқанда, баламның Ұлттық домбыра күні туғанын білген жоқпын.

Біреу білсе, біреу білмес, елімізде Ұлттық домбыра күні 2018 жылдан бері тойланып келеді. Облыстық ҚХА өкілдері сол уақыттан бері жыл сайын перинаталдық орталыққа келіп, айтулы күні дүниеге келген нәрестелерді құттықтайды. Биыл да белсенділер игі дәстүрден жаңылмады. Өнегелі шара әлі де жалғасын табады.

ЖҰЛДЫЗ САТТАРОВА, облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы:

— Ұлттық аспап жалғыз мерекеде ғана емес, ұдайы тұрде ұлықталуы тиіс. Бұл – біз сияқты аға буын өкілдерінің басты парызы. Домбыраны әлемдік деңгейдегі аспапқа айналдыруымыз қажет. Артымыздан еріп келе жатқан жастар да игі дәстүрден жаңылмаса деймін.

Құрметке бөленген нәрестенің отбасында домбыраның құлағында ойнайтын жандар бар екен. Дарынның әжесі оны болашақта өнер мектебіне бергісі келеді. Ол немересінің болашақта кешегі Сүйінбай, Ақан сері, Біржан салдың ізбасары болғанын қалайды. Айта кету керек, Ұлттық домбыра күні облыстық перинаталдық орталықта 4 нәресте дүниеге келді. Оның біреуі – қыз, үшеуі – ұл балалар.

 

Мәдина Қаби