Облыс орталығында шағын футболдан Астана күніне орай қалалық турнир бастау алды. Оған 11-12 жастағы балалар қатысуда. Турнирге қатысуға 6 команда өтініш берген. Әр ұжым 10 адамнан тұрады. Жасыл алаңда “Достық” пен “Ровесник” командалары ойнап жатыр. Алғаш аталған топ бастапқыда 2 де 0 есебімен жеңіліп жатты. Матч соңында жиналып, шабуылды үдетті. Соның арқасында таразы басын теңестірді.
ДАРХАН ЕЛЕУКЕ, турнирге қатысушы:
— Біздің ойыншымыз соңғы минуттарда баспен гол соқты. Ойынға 3-4 айдай дайындалдық. Мен футболмен 8 жыл айналысамын.
Балғындардың ойынға деген ынтасы зор. Әрбір кездесу тартысты және тартымды өтті. Жеткіншектердің көзіндегі отты байқаған ұйымдастырушылар балалардың арасынан танымал футболшылар шығатынына кәміл сенеді.
ИДЕЯ СЕЙТМУХАМБЕТОВА, Петропавл қаласының мектептен тыс балалар-жасөспірімдер орталығының директоры:
— Біз балалардың ойынға деген ынта-жігерін ояту үшін осындай жарыстарды жиі ұйымдастырып тұрамыз. Жоспар бойынша биыл шағын футболдан 7 жарыс өткіземіз. Балаларға арнайы дайындаған сыйлықтарымыз бар. Оларды қолдау көрсетуші жандардың ақшасына сатып алдық. Демеушіміз – Қазақстан Халқы Ассамблеясының жергілікті мүшелері.
Турнир ертең аяқталмақ. Жүлдегерлерге медаль, кубок пен бағалы сыйлықтар табысталатын болады. Сонымен қатар, жас футболшылар бірнеше аталым бойынша марапатталады.
Мәдина Қаби