Қоғам

Мерген ауылында ерікті өрт сөндіру құрылымының бекеті ашылды

Шал ақын ауданындағы Городецкий ауылдық округі тұрғындары үшін ақ түйенің қарны жарылған күн. Мерген ауылында ерікті өрт сөндіру құрылымының бекеті ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев пен ТЖ вице-министрі Батырбек Әбдішев қатысты. Аты аталған жандар ресми түрде су жаңа нысанның таспасын қиды.

Ашылу салтанатынан кейін Қанат Малғаждарұлы мен Батырбек Қадырбекұлы нысанның ішін аралады. Бекеттің штаттық саны 6 адамды құрайды. Оларға мемлекет тарапынан арнайы киім мен жабдықтар және су жаңа өрт сөндіру көлігі берілген. Кейін жиналғандардың барлығы бекет қызметкерлерінің жұмыс орнымен танысты. Мұнда керектінің бәрі бар. Мамандардың тынығып, тамақтануларына да жағдай жасалған. Тіпті, тікелей облыс және аудан орталығымен байланысқа шығатын радио құрылғылар да орнатылған.

БАТЫРБЕК ӘБДІШЕВ, ҚР ТЖ вице-министрі:

— Игі бастама “Ауыл құтқарушылары” жобасы аясында жүзеге асып жатыр. Бекет аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекендердегі болуы мүмкін өртті тез арада ауыздықтауға зор септігін тигізеді. Осы сияқты жаңашылдықтардың арқасында өңірлердегі қайғылы оқиғалардың саны азаяды.

Министрлік біліктілік жайын назарсыз қалдырмаған. Жауапты міндет жүктелген жігіттер мен байланыста отыратын азаматтар үнемі оқыту курстарына қатыспақ. Айта кету керек, су жаңа бекет жалғыз мемлекеттің ғана емес, жергілікті “Гермес Агро” серіктестігінің көмегімен салынды. Шаруашылық мамандары ғимараттарды өз қаражатына тұрғызған.

СЕРГЕЙ ОКУНЕВ, “Гермес Агро” ЖШС директоры, Шал ақын ауданы:

— Биылғы қыстың өзіңде ауылда 3 өрт оқиғасы орын алды. Содан соң елді мекенде өрт бекетін салу ойыма келді. Бұл біріншіден серіктестігімнің, екіншіден ауылдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бірден жергілікті әкімдікке жүгіндім. Олар менің бастамамды қолдады. Министрлік те қол ұшын созып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті.

Серіктестіктің ауылдың дамуына қосып жүрген үлесі ұшан-теңіз. Шаруашылық 7 жылдың ішінде қызметкерлеріне арнап 30-ға жуық үй соққан. Тиісінше, елді мекен тұрғындарының саны соңғы жылдары еселеп артқан. Айта кету керек, бекет Городецкий ауылдық округіне кіретін 5 ауылдың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

ЖАНДОС ДҮЙСЕМБИН, Городецкий ауылдық округінің әкімі, Шал ақын ауданы:

— Городецкий ауылдық округінде 300-ге жуық үй бар. 800-ден астам адам тұрады. Бекетке министрліктің атынан су жаңа өрт сөндіру көлігі берілді.

Ауыл тұрғындары елді мекенде өрт сөндіру бекетінің ашылғанына дән риза.

ЕСТАЙ БІРІМЖАНОВ, Мерген ауылының тұрғыны, Шал ақын ауданы:

— Ауылда өрт сөндіру бекетінің ашылғанына қуаныштымын. Мұндай нысандар әр ауылдық округке керек деп ойлаймын. Біз кез келген төтенше жағдай кезінде бірден ерікті өрт сөндіру құрылымына хабарласа аламыз. Жаңашылдық арқасында уақыт та үнемделеді, өрт те тез ауыздықталады.

Бәрімізге белгілі, теріскей тұмса табиғатымен бүкіл елге танымал. Бұл баға жетпес байлықты сақтап қалу – бәрімізге ортақ міндет. Аталған нысан облысымызда “Ауыл құтқарушылары” жобасы аясында ашылған екінші бекет болып отыр. Біріншісі осыдан 2 ай бұрын Қызылжар ауданындағы Новоникольское ауылында қолданысқа берілген болатын.

 

Мәдина Қаби