Аптадағы маңызды жаңалықтарМәдениет

Қызылжар жұртшылығы ұлттық домбыра күнін кең көлемде атап өтті

Облыста ұлттық домбыра күні жыл сайын кең көлемде аталып өтіледі. Биыл да Қызылжар жұртшылығы игі дәстүрден жаңылмады. Заманында аспапты қолынан тастамаған Ақан сері бабамыздың атындағы облыстық филармонияда күй шертіліп, ән мен жырдан шашу шашылды.

Домбыра – қазақтың жаны, бет-бейнесі. Өткен мен бүгінді байланыстыратын алтын көпір. Оның қос ішегінде ғасырлар сыры, бабалар рухы, ұлттың болмысы жатыр. Бұл мейрам арқылы ұлттық рухымызды жаңғыртып, мәдениетіміздің терең тамырын сезіне аламыз. Бұл сөздермен аталған аспапты 20 жылдан бері қолынан тастамай келе жатқан өңірге танымал өнерпаз Біржан Есжанов толықтай келіседі.

БІРЖАН ЕСЖАНОВ, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі:

— Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Мен үшін домбыра – өмірімнің мәні.

Айтулы шарада таңертең өткен “Әсерлі ән, көк нөсер күй” орындаушылар байқауының жеңімпаздары анықталды. Сайыста “Дәстүрлі әншілік өнер” аталымы бойынша бас жүлдені петропавлдық бұрымды Мәдина Серік еншіледі. Нәзікжандының өнерді жанына серік еткеніне 6 жылдан асқан.

МӘДИНА СЕРІК, байқаудың жеңімпазы:

— 30-дан астам дәстүрлі ән білемін. Талай облыстық, республикалық байқауларда жеңімпаз атанғанмын. Ұлттық өнерді ұлықтағым келеді.

Айта кету керек, шарада барлығы – 20-дан астам туынды орындалды. Осы сияқты шаралар тек ұлттық Домбыра күні ғана емес, ұдайы өткізілсе нұр үсіне нұр болар еді.

 

Нұрасыл Ахмет, Мәдина Қаби