Спорт

“Қызылжар” екі ойыншысы кем “Ордабасыны” жеңе алмады

Сенбі мен жексенбі күні Қазақстанның бірнеше қаласында футболдан Премьер-лига командалары арасында ойындар өтті. Бұл жолы петропавлдық “Қызылжар” шымкенттік “Ордабасыны” қабылдады. Қазіргі таңда қос тараптың шама-шарқы тең. Ол матчтың алғашқы минуттарынан-ақ байқалды. Бірде қонақтар алға ұмтылса, енді бірде алаң иелері шабуылдады. Жерлестеріміз алғашқы таймда тамаша ойнады. Есеп ашатын бір емес, бірнеше сәт болды.

Қалың жанкүйер әттеген айға басты. Ал мына шабуыл тіпті сан соқтырды. Айып алаңына жеткен доп қызылжарлық ойыншының аяғынан табылды. Алайда, таяқ тастам жердегі бірнеше метрлік қақпаға дарымады.

Шебер қимылдаған петропавлдық жігіттерді шымкенттік футболшылар шалып та жатты. Қыраға төреші барлығын көріп жүрді. Қауіпті сәттердің бірінде ысқырық шалып, қонақ ойыншыны алаңнан қууға мәжбүр болды.

“Ордабасының” бір ойыншысы кем. Араға минуттар салып, тағы бір футболшы алаңды босатты. Ол да өте дөреке әрекетке барды.

Сонымен “Ордабасы” 9 ойыншымен қалды. Басымдық теріскейліктердің қолында. Алайда, алғашқы таймда есеп ашылмады. Жанкүйерлер екінші таймнан нәтиже күтті. Алаң иелері тырысып бақты. Дегенмен, теңбіл доп қарсылас қақпаның торында туламады. Мұндай сәтте көрермен қолдауды үдетті.

Үлкен де, кіші де қолдаған солтүстіқазақстандықтарға сәттілік серік болмады. Теріскейліктер екі ойыншысы кем “Ордабасыны” жеңе алмай, бөрікті аспанға атқызбады. Кезекті тең нәтижеден кейін петропавлдық команда турнирлік кестенің 9-шы сатысына сырғыды. Қоржында 16 ұпай бар. “Қызылжардың” ендігі қарсыласы – түркістандық “Тұран” футбол клубы. Бұл матч шілденің 12-сі күні сырт алаңда өтеді.

 

Байболат Құлтанов