Қоғам

Жұмысшы мамандарды даярлаудағы үздіктер анықталды

Аймақта жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын арттыру мен сапалы кадр дайындау бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Соның бір дәлелі – облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері “Кәсіби маман” атты байқау ұйымдастырды. Шараға барлығы – 10 өндіріс орны мен колледж тарапынан өтініш түскен. Сайыс 3 номинация бойынша өтті. Бүгін байқаудың қорытындысы жарияланды. “Ең үздік кәсіпорын” аталымы бойынша “Радуга” серіктестігі басқаларынан оқ бойы озық болды. Зауыт бірнеше жылдан бері өңірдегі өндіріс саласының дамуына зор үлесін қосып келеді. Ал “Жұмысшы мамандарды даярлайтын үздік колледж” атағы Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжіне бұйырды. “Өндірістегі үздік тәлімгер” номинациясында Киров атындағы зауыттың слесарі Асылтас Назарқызы жеңімпаз атанды. Нәзікжанды 35 жылдан бері аталған кәсіпорында еңбек етіп келеді. Айта кету керек, мерейі үстем болғандар байқаудың республикалық кезеңінде облыс намысын қорғайтын болады.