Мәдениет

Ұлттық домбыра күніне арналған ерекше шара

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

— Нағыз қазақ, қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра. Домбыра – көнеден қалған асыл мұрамыз, еліміздегі ең кең тараған музыкалық аспап. Бұрындары ата-бабаларымыз қайғы мен қуанышын, жеңісі мен жеңілісін осы қос ішектің көмегімен сөзсіз жеткізген.

Шілденің алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні. Айтулы датаға орай Петропавлда ерекше іс-шара өтті. “Алаш” өнер орталығының кішкентай ұл-қыздары қала жастарының алдында өз өнерлерін көрсетті. Басқосу ұлттық сана мен төл өнерді жаңғыртуға бағытталған.

МӨЛДІР ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ: “Алаш” өнер орталығының жетекшісі:

— Орталықта 100-ге жуық бала білім алады. Барлығы шеттерінен өнерлі. Бүгін арасынан іріктеп 14 жеткіншекті әкелдім. Домбыра біреу үшін – қуаныш, енді біріне – жұбаныш, мен үшін – жан серігім. 

Шараны облыстық “Аманат” партиясы мен қалалық жастар ресурстық орталығының мамандары бірлесе ұйымдастырған. Домбыра күні елімізде тегіннен тегін белгілеген жоқ. Осындай мерекелер ұлттық өнеріміздің ұлықталуына, кеңінен қанат жаюына септігін тигізеді.

Айта кетейік, шара ашық аспан астында, табиғат аясында өту керек болатын. Толассыз жауған жаңбыр кедергісін келтірді. Бірақ, ұйымдастырушылар тез арада шешімін тауып Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өткізуді жөн көрген. Басқосу өте жоғары деңгейде өтті. Қазақтың рухты әндері шырқалды. Домбырадан шыққан әр әуен, әр үн тыңдарманның жүрегінен орын тапты.

АЙША ЖҰМАҒАЗЫ, “Алаш” өнер орталығының тәрбиеленушісі:

— 8 айдан бері домбыра тартамын. Осы уақыт ішінде 13 күй үйрендім.

Басқосу соңында өнер көрсеткен жастарға бағалы сыйлықтар табысталды. Айта кету керек, демалыс күндері қаламыздың түкпір-түкпірінде айтулы мерекеге орай түрлі шаралар өтеді.

 

Нұрасыл Ахмет