Денсаулық сақтау

ТМККК-ға кіретін қызметтерді сақтандырылмаған азаматтар да тегін ала алады

Биыл ел бойынша кепілдендірілген медициналық көмек көлеміне кіретін қызметтерге 1,63 трлн теңге қарастырылған. Мұндай қызметтерді сақтандырылмаған пациенттер де тегін ала алады. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бюджет қаражаты есебінен Қазақстан азаматтарына, қандастарға, босқындарға, сондай-ақ елде тұрақты тұратын және ықтиярхаты бар шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға көрсетіледі. Ал елімізде уақытша тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар және баспана іздегендер қоршаған ортаға қауіп төндіретін жұқпалы аурулар кезінде жүгіне алады.

ИНДИРА САРКЕНОВА, ӘМСҚ басқарма төрағасының орынбасары:

— 2025 жылы медициналық қызметтерді қаржыландыруға жалпы 2,96 трлн теңге бөлінді, оның 1,63 трлн теңгесі ТМККК пакетіне кіретін қызметтерге және 1,33 трлн теңге МӘМС пакетіне тиесілі. Көпшілік сақтандырылған мәртебесі болмаса емханада қабылдамайды деп ойлайды. Алайда, МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан көрсетілетін медициналық қызметтердің тізімі бар.

Еске сала кетейік, егер тиісті медициналық көмек көрсетілмеген жағдайда әр емхана мен ауруханада жұмыс істейтін Пациенттерді қолдау қызметіне жүгіну қажет. Одан нәтиже болмаған жағдайда өтінішті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жолдау керек.