БілімҚоғам

Сенат және Мәжіліс депутаттары 280 орындық балабақшаның құрылысымен танысты

Бұл – “Жас өркен” ықшам ауданында салынып жатқан зәулім балабақша. Нысан 280 орынға шақталған. Мұндағы құрылыс жұмыстары қаңтар айында басталыпты. Мектепке дейінгі мекеме қолданысқа берілгеннен кейін облыс орталығындағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 97 пайызға жетеді. Тәлім мен тәрбие ордасында 12 топ болады. 2 жастан 6 жасқа дейінгі жеткіншектер білім алады.

Жоба құны – 1,9 млрд теңге. Қаражат сыртқа заңсыз шығарылып, мемлекет меншігіне қайтарылған активтер есебінен бөлінген. Халық игілігіне салынып жатқан балабақшаның құрылысы сапалы жүргізілуі тиіс. Сол мақсатта облысқа жұмыс сапарымен арнайы келген Сенат өкілі Ольга Перепечина және Мәжіліс депутаттары Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода атқарылған жұмысты бағамдады. Айта кету керек, нысанды “Основание” серіктестігі салуда. Директоры Сергей Тимофеевтің сөзінше, құрылыс жұмыстарына ауа райынан басқа ешқандай кедергі жоқ.

6 айдың ішінде атқарылған жұмыс халық қалаулыларының көңілінен шықты. Мемлекетке қайтарылған қаражат ел игілігіне жұмсалуы қажет. Депутаттар бөлінген әр тиын тиімді жұмсалғанын қалайды. Облыс орталығындағы жаздың қысқа екенін ескерген халық қалаулылары серіктестікке жұмыс қарқынын арттыруды тапсырды.

ЕРКЕБҰЛАН МӘМБЕТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

— Сапар барысында Ойқала ықшам ауданындағы жандандыру жұмыстарымен танысамыз. Университет түлектерімен кездесеміз. Одан қалды, қала халқының мұң-мұқтажын тыңдаймыз.

Бүгінде құрылыс жұмыстары 40 пайызға аяқталған. Айта кету керек, нысан биыл желтоқсан айында қолданысқа берілуі тиіс.

 

Нұрасыл Ахмет