«Булаев» орман шаруашылығы аумағында таңнан кешке дейін ағаш кесетін темір шынжырлы араның дыбысы алысқа естіледі. Мұнда жыл сайын халық үшін 100 мың текше метрге дейін жасыл желек тамырынан ажырайды. Бұл шешім жайдан-жай қабылданбайды. Мамандар жылына 2 рет төңіректі аралап, зиянкестер мен әртүрлі ауруларға неғұрлым бейім қайыңдарды таңдайды.
ИГОРЬ ГОРБАЧЁВ, «Булаев орман шаруашылығы» КММ басшысының орынбасары, М.Жұмабаев ауданы:
— Ағаштың қалдығын орман пайдаланушылары өңдеу мақсатында пайдаланады, ал біз қыста жылы отыру үшін осы кезеңде шамамен 50-60 мың текше метр отынды аудан халқына сатамыз. Тұрғындар тарапынан сұраныс бар. Олар аудан аумағындағы 18 ауылдық округтен хабарласады. Әр округте арнайы топтарымыз жасақталған. Солар дер кезінде апарады.
Бүгінгі таңда мекемеде 16 мың текше метрден астам ағаш дайындалған. Отынға жауапты бригадалар жергілікті тұрғындар тарапынан құрылады. Мысалы, Аққайың ауылдық округінің командасында 10-ға жуық адам бар. Еңбекке құштар азаматтың бірі – Булаев қаласынан келген Алексей Эрнст.
АЛЕКСЕЙ ЭРНСТ, Булаев қаласының тұрғыны, М. Жұмабаев ауданы:
— Мен бригаданың басшысымын. Бізде 10 адам жұмыс істейді. Бел жазбай отын дайындаймыз. Іске кіріскенімізге 2 ай болып қалды. Арнайы жұмыс уақытымыз жоқ. Таңғы 9-да келіп, кешкі 18.00 кезінде үйге қайтамыз. Егер күн ысып кетсе, демалуға мүмкіндігіміз бар. Оңай еңбек жоқ. Қара жұмыстан қашпау керек.
Отынның бағасы жоғары емес. 5 текше метрді 50-60 мың теңгеге сатып алуға болады. Төмендетілген баға бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына: 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектерге, көпбалалы аналарға, жетім балаларға сатылады. Олар үшін 400 текше метр орман бөлінген.
ИГОРЬ ГОРБАЧЁВ, «Булаев орман шаруашылығы» КММ басшысының орынбасары, М. Жұмабаев ауданы:
— Азаматтар күн сайын өтінішпен жүгінеді. Әр адамның қалауын тыңдап, тапсырысты орындауға кірісеміз. Сонымен қатар, орман ішінде құлаған қайың-терек, ірі бұтақтар болады. Жерлестерімізге соларды да ұсынамыз. Халықтың әлеуметтік топтары үшін бөлек бағамыз бар. Егер 1 текше метр отын алынса, 5500 төленеді. Ал 5 текше метрге қалтадан 27 500 теңге шығады.
Орман шаруашылығындағы жұмыс жылдың соңына дейін жалғасады. Мамандар науқан аяқталғасын аумақты жинайды.
Байболат Құлтанов