Қоғам

Қазынашылық департаментіне – 30 жыл

Облыстық Қазынашылық департаментінің құрылғанына 30 жыл толды. Айтулы датаға орай бүгін сала мамандарының еңбегі еленді. Бүгін сала өкілдеріне облыс әкімінің Құрмет граматосы мен алғыс хаттар табыс етілді. Шараға тек петропавлдықтар ғана емес, облыс аумағындағы сала өкілдері де келген. Солардың қатарында Роза Гусева да бар. Нәзікжанды Айыртау ауданында қызмет етеді. Бүгін мемлекеттік қызметкер облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

РОЗА ГУСЕВА, Айыртау ауданы қазынашылық басқармасының басшысы:

Айыртау аудандық қазынашылық басқармасы 36 мемлекеттік мекеме мен 2 субъектіге қызмет көрсетеді. Штатта 6 адам жұмыс істейді. Аудандар арасында біздің жұмыс көрсеткішіміз жоғары бағаланып отыр. Өзімнің бұл салада қызмет етіп жүргеніме 20 жылдай болып қалды. Еңбегімнің еленіп жатқанына қуаныштымын.

Шарада департамент ардагерлері де бой көрсетті. Солардың бірі – Алтын Бекешева. Нәзікжанды департамент құрылған сәттен еңбек еткен екен. Қаржымен жұмыста таудай тәжірибесі бар маман зейнеттік демалысқа 2016 жылы шығыпты.

АЛТЫН БЕКЕШЕВА, СҚО қазынашылық департаментінің ардагері:

Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінде алғашқылардың бірі болып жұмыс істедім. Жаңадан құрылған департаментте жұмыс істеу оңай болмады. Біз үшін барлығы жаңа болды. Күнделікті заңнама мен нұсқамаларды оқып үйрендік.

Заманның өз талабы бар. Мамандар бұрын қағазбен көп жұмыс істесе, қазір электронды жүйе дамыған. “Бұл жұмысты жылдам әрі сапалы атқаруға ықпал етеді”, – дейді қызметкерлер. Бүгінде мекемеге 13 аудандық басқарма қарайды. Мамандар ай сайын қаржыландыру жоспарларына анықтама енгізу бойынша 4 мыңнан астам операция жүргізеді, 2 жарым мыңға жуық төлем тапсырмаларын өңдейді.

БАҚЫТ ТӨЛЕГЕНОВА, СҚО бойынша қазынашылық департаменті басшысының орынбасары:

Бізге зор жауапкершілік жүктелген. Бір ақпараттық жүйе аясында жұмыс істейміз. Ол Қазынашылық клиент деп аталады. Бұл жүйе бізге есепті кезеңге мемлекеттік орган шығыстарының лимиттерін жоспарлауға, кірістерді жинауды және оларды бөлу мен бақылауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта қазынашылық департаментінде барлық құжатты электронды жүйеге ауыстыру жұмысы жүргізіліп жатыр.

 

Ақтолқын Солтанханқызы