ҚоғамҚұқық қорғау органдары

Есірткіге қарсы күрес кеңесінің бастамасымен үш айда 500-ден астам шара ұйымдастырған

Өңірде Есірткіге қарсы күрес кеңесі наурыз айының соңында құрылды. Оған тәртіп сақшылары, депутаттар, журналистер мен қоғам белсенділері мүшелік етеді. Мақсат айқын: есірткімен күрес, қоғамда нашақорлықтың алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру. Жоспар орындалып жатыр. Бұл ретте кеңес мүшелері санға емес, сапаға мән береді. Үш айдың ішінде 500-ден астам іс-шара өткізіліпті.

БАУЫРЖАН ӘЛЕНОВ, ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:

— Профилактикалық жұмыс өз нәтижесін береді. Осы мақсатта жастармен жиі кездестік. Есірткімен күрес тақырыбы аясында бірқатар бейнематериал жарық көрді, әлеуметтік желіге арналған контент түсірілді. Оны көпшілік көреді, өзіне ой түйеді.

Бүгін кеңес мүшелерінің есірткіге қарсы күреске қосқан елеулі еңбегі қортындыланып, белсенді жандар алғыс хатпен марапатталды. Солардың бірі – мектеп директоры әрі депутат Ләззат Жалмұқанова. Білікті педагогтың айтуынша, нашаның зияндылығын түсіндіруді мектеп қабырғасынан бастау қажет.

ЛӘЗЗАТ ЖАЛМҰҚАНОВА, №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің директоры:

– Ойы да, бойы да қалыптасып келе жатқан жас буынның сенімді серігі – спорт. “Тәні саудың – жаны сау” демекші, спортпен шұғылданып жүрген жеткіншектер зиянды әдеттен алыс жүреді. Сол себепті, мектепте де, мектептен тыс жүрген баланың да бос уақытын тиімді ұйымдастыра білу керек. Осы ретте біз білім ұясында аталған мәселеге зор мән береміз.

Еске сала кетейік, облыста жыл басынан бері есірткі қылмысына қатысты 166 жайт тіркелген. Оның 70-тен астамы – сату фактісі. Заңсыз айналымнан 40 келіден аса наша тәркіленген.

 

Ақтолқын Солтанханқызы