Қозыбаев университетінің табалдырығын құрметті қонақтар аттады. Білім ордасының су жаңа жатақханасында ҚР Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина, сенатор Әсем Рахметова, Мәжіліс депутаттары Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода болды. Мұнда талай жасты түлеткен қара шаңырақтың даму жоспары жайлы жан-жақты айтылды. Атқарар іс шаш-етектен. Әлемнің түкпір-түкпірінен студенттер ағылып жатқан оқу ұясында келесі жылдың өзінде маңызды жаңалық орын алады.
АЙГҮЛ НҰРПЕЙІСОВА, М. Қозыбаев атындағы СҚУ академиялық мәселелер жөніндегі басқарма мүшесі:
— Біздің университетте 16 елдің 170-ке жуық студенті оқып жатыр. Олар әртүрлі бағытта оқиды.
Жаңадан мамандықтар ашылады, тұратын жатақхана да бар. Оқуға ынта болса болғаны. 1200 орынға шақталған студенттер үйі таңдай қақтырады. Атқарылған жұмысқа Астанадан ат терлетіп жеткен халық қалаулыларының көңілі толды.
ӘСЕМ РАХМЕТОВА, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
— Осы жатақхана құрылысы бастан-аяқ назарда болды. Студенттер алдағы күзде кіреді. Бұл мәселе республикалық деңгейде қаралған еді. Министрлік және университет басшылығы тарапынан “Жатақхана тапшылығы болмайды” деген жауап алдық. Бұған өте қуаныштымыз.
Университет ғалымдарының биік белестерді бағындыруға мүмкіндігі зор. Танысу шарасы барысында депутаттар білімді де, білікті мамандардың ілкімді істерін көзбен көріп, жоғары бағалады.
Бұл бағытқа әлі де қарқын қосу қажет. Идеяны жүзеге асыруға мемлекет жәрдемдеседі. Қазынадан дарындарды қолдауға қыруар қаржы бағытталыпты.
ӘСЕМ РАХМЕТОВА, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
— Білім саласына 625 млрд теңге бағытталды. Қаншалықты нәтиже бар? Ғылыми жобалар өндіріске жетіп жатыр ма? Осы жайт ойландырады.
Әрине, қаржының қайтарымы болғаны жөн. Әсем Рахметова сынды депутаттар осыған назар аударған. Нәтижесінде арнайы ұйымдар құрылатын болыпты. Солар жобалардың орта белде қалмай жүзеге асуына жәрдемдеседі. Халық қалаулылары бір топ студентпен де қауышты. Шекара сыртынан келген жалынды жастар қазақ жеріне әбден үйреніпті.
RIYAD MD SHOWKOT HOSSAN, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті, Бангладеш:
— Маған бешбармақ, бауырсақ пен қазы өте ұнайды. Қазақ дастарханына жететін дастархан жоқ. Өзім медицина бағытында білім аламын. 7-ші курсқа көштім. Университеттегі білім сапасын, мамандардың біліктілігін жоғары бағалаймын. Үнемі алғыс айтамын. Қазақстан – менің екінші үйім.
Университетте Riyad сынды өмірге құштар жастар жетерлік. Олар құрметті қонақтар сынды жасалған жағдайға дән риза.
Байболат Құлтанов