Спорт

“Жас жауынгер” клубының мүшелері республикалық додадан бас жүлдемен оралды

“Жас жауынгер” дене шынықтыру-сауықтыру клубының тәрбиеленушілері жарады. Олар маусымның 26-сы мен 27-сі аралығында Шымкент қаласында өткен республикалық додада бас жүлдеге ие болды. ARM BACK атты жарыс түрінің өңірде қолға алынғанына көп уақыт болған жоқ. Дегенмен, спортқа деген ынта мен темірдің тәртіптің нәтижесінде жерлестеріміз осындай дәрежеге жетіп отыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 11 команда арасында оқ бойы оза шыққан терісейліктер сайыс оңайға соқпағанын айтты.

НИКОЛАЙ КАРДОВАТОВ, “Жас жауынгер” дене шынықтыру-сауықтыру клубының бас жаттықтырушысы:

— Біз бұл жарысқа өткен жылы да қатысқан болатынбыз. Алайда, биылтыр 3-ші орын иеленіп қалдық. Биыл есе жіберген командалармен тағы кездестік. Қажырлы еңбектің арқасында олардан басым түстік.

Солтүстікқазақстандық жастар жарыста төрт қаланың өкілдерімен тартысқа түскен. Финалдық кездесуде астаналықтармен өзара мықтыны анықтапты. Дүбірлі додаға жергілікті жерде іріктеуден өткен 3 бозбала барған. Әрқайсысы 3 түрлі салмақ дәрежесінде бақ сынаған. Солардың бірі – Әділжан Батырбеков. Жасөспірімнің клубка мүшелік еткеніне биыл 2 жыл толыпты.

ӘДIЛЖАН БАТЫРБЕКОВ, “Жас жауынгер” дене шынықтыру-сауықтыру клубының тәрбиеленушісі:

— Қарсыластарым мықты болды. Дегенмен мен оларды жеңдім. Нәтижеме көңілім толады.

Мұнымен босаңсуға болмайды. Тәрбиеленушілер енді алдағы қыркүйек айында өтетін кезекті республикалық додаға қызу дайындық үстінде. Жалпы, бүгінде “Жас жауынгер” дене шынықтыру-сауықтыру клубына 30 бала мүшелік етеді.

 

Ақтолқын Солтанханқызы