Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхана қабырғасында Ұлттық домбыра күніне арналған әдеби-сазды кеш өтті. Бұл – жай ғана күн емес, кешегі Жамбылдар мен Сүйінбайларды еске алып, Ақанның әні тыңдалатын, рухымыз көтерілетін мереке. Танымдық және тағылымдық шараға облыстың құрметті азаматы Серікбай Құсайынов та қатысты. 90-ға таяған ақсақал көрермен ретінде келмеді.
Талай жастың томағасын сыпырған күйші қара домбырасын шертті. “Шымшық сойса да қасапшы сойсын” дегендей, өз ісінің шебері “Адай” күйін жиналған қауымды таңдай қақтыра орындап берді. Ұстаз өскелең ұрпақтың бет алысына разы.
СЕРІКБАЙ ҚҰСАЙЫНОВ, СҚО құрметті азаматы:
— Жастарға көңілім толады. Қазір домбыраға бейім балалар көп. Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында 500 адам домбыра тартады екен. Қуанамын. Біздің бала күнімізде мұндай болған. Бұл бізге Тәуелсіздіктің арқасында келді.
Домбыра – асыл қазына. Оны әр қарагөз, әр қазақстандық барынша құрметтеуі тиіс. Халық жазушысы Қадір Мырза Әлі ерекше бағалаған ұлттық аспап төрден табылғаны жөн. Шарада ән де шырқалды. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Дина Жапарова атақты Шәмшінің туындысымен шашу шашты. Шендіге өнер бекерден-бекер дарымаған. Талантты азаматшаның есімі қазақтың белгілі күйші композиторы Дина Нұрпейісованың құрметіне қойылыпты.
ДИНА ЖАПАРОВА, СҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының аға инженері:
— Адам домбыра арқылы өзінің сағынышын, сырын, мұңын жеткізеді. Кешкілік үйде тартып, ән саламын. Тойларда шырқаймын. Әрбір қазақтың үйінің төрінде домбыра ілініп тұру қажет.
Әдеби-сазды кешке байланысты кітапхана қабырғасында көрме қанат жайды. Онда өмірін өнерге, әдебиетке арнаған тарихи тұлғалар жайлы мол ақпарат бар.
Байболат Құлтанов