Жыл басынан облыста жастардың қатысуымен 2 мыңға жуық құқықбұзушылық орын алған. Әрине, бас шайқатарлық статистика. Аталған жайсыз сандарды түп тамырымен жою қажет. Сол мақсатта бүгін Қызылжар ауданындағы “Серебряный Бор” лагерінде “Заң және тәртіп – жастардың таңдауы” атты форум өтті. Шараға облысымыздың түкпір-түкпірінен жиналған белсенді жандар қатысты.
ГҮЛЖИҺАН БАШИМОВА, Қызылжар аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
— Форум 4 локация бойынша өтеді. Қатысушылар шара аясында психологпен тілдеседі. Көкейлерінде жүрген сұрақтарын қоя алады. Одан қалды, ағымдағы жылғы талап бойынша жұмысшы мамандықтар насихатталады.
Шараға Қызылжар ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бейбіт Исманов қатысты. Ол осы сияқты форумдар өңіріміздегі құқықбұзушылықтардың санын азайтуға септігін тигізетінін жеткізді. Басқосуға арнайы шақыртылған психологтардың сөзінше, аталған жағымсыз статистикаға бірден-бір себеп – әлеуметтік желілер екен. Ұл-қыздар смартфондарынан неше түрліні көріп, соны қайталағысы келеді. Ұйымдастырушылар да осыны ескеріп шараны ашық аспан астында, табиғат аясында өткізген.
Шара барысында түрлі ойындар ойнатылды. Жастардың білім деңгейі тексерілді. Дараланғандарына бағалы сыйлықтар табысталды.
ДАРХАН ЖАРАСОВ, “Солтүстік жастары” ҚБ төрағасы, Шал ақын ауданы:
— Маған психологтың өткізген тренингі қатты ұнады. Мол мағлұмат алдым. Көп уақыт бойы көрмеген достарымды кездестірдім. Бір-бірімізбен тәжірибе алмастық.
Шара бүгін өз мәресіне жетеді. Айта кету керек, биыл облыста кәмелет жасына толмаған жастардың түнгі уақытта жүру фактісі көбейген. Полицейлер жыл басынан 720 рейдтік шара өткізіп, түнгі 11-ден кейін көшеде, ойын-сауық орындарында жүрген 1100 баланы анықтаған.
Нұрасыл Ахмет