Қоғам

СҚО-ға ауылдық елді мекендерді толықтай сумен қамтамасыз ету үшін 45 млрд теңге бөлінді

Өңірде ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыс атқарылуда. Бұл сөзімізге дәлел – облыста су құбыры инфрақұрылымын дамытуға бақандай 45 млрд теңге қаржы бөлінді. Қомақты қаражат елге қайтарылған заңсыз иемделінген активтерден құрылған арнаулы мемлекеттік қордан бөлініп отыр. Бұл туралы Үкіметтің ресми парақшасында жазылды. Ақпаратқа сәйкес, аталған сома теріскейдегі тіршілік көзімен жабдықтау жүйесін жетілдіруге бағытталған 48 жобаны жүзеге асыруға жұмсалады. Олардың қатарында Соколов, Булаев және Преснов топтық су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстары бар.

Сонымен қатар, Айыртау мен Шал ақын аудандарындағы елді мекендерді Көкшетау топтық су құбырына қосу қарастырылған. Игі бастамалар жүзеге асқан соң облысымыздың ауыл халқы 100 пайыз тіршілік көзімен қамтылады. Айта кету керек, еліміздегі ең ұзын топтық су құбырлары теріскейде орналасқан. Олардың жалпы ұзындығы 3 мың шақырымнан асады. Қазіргі таңда бұл жүйе арқылы 229 елді мекен таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Осы ретте сандарды сөйлетсек, облыс орталығы толықтай сумен жабдықталған. Ал ауылдық елді мекендерде бұл көрсеткіш 97,5 пайызды құрайды.