Ауыл шаруашылығы

СҚО-да егіс алқаптарында химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде

Күзде көл-көсір өнім алу үшін ала жаздай алқапта еңбек ету қажет. Зиянкестер, түрлі аурулар мен арамшөптің дер кезінде алдын алмаса, орақ науқаны ойдағыдай аяқталмауы мүмкін. Өзекті мәселе жақында бейінді министрлік қабырғасында өткен кеңейтілген алқа отырысында қаралды. Вице-министр Бағлан Бекбауов баяндама жасады. Оның сөзінше, елімізде 11,4 миллион гектар танап зерттелген. Нәтижесінде 2 миллион гектарда химиялық өңдеу жұмысы жүргізіліпті.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Үйлескен және тиімді жұмыстың арқасында шегірткелердің ауқымды таралуына жол берілмеді. Тығыз ынтымақтастықты, дер кезінде әрекет етуді және ресурстарды жұмылдыруды қамтамасыз етіңіз. Фитосанитарлық қауіпсіздік жай ғана техникалық мәселе емес, бұл аграрлық сектордың тұрақтылығы мен экспорттық әлеуеті тәуелді болатын стратегиялық басымдық.

Жоспардағы маңызды жұмыс Солтүстік Қазақстан облысында да жүргізіліп жатыр. Мысалы, Аққайың ауданында 195,6 мың гектар – гербицидпен, 189 мың – инсектицидпен, 17 мың гектер фунгицидпен өңделуі қажет. Бүгінде іс жартылай тындырылған. Ал жалпы егіс алаңы 221 мың гектарды құрайды.

ВАСИЛИЙ МОРОЗОВ, “Баянды-СҚ” ЖШС агрономы, Аққайың ауданы:

— Өзіміздің алқаптарда жұмыс аяқталуға жақын. 3,5 мың гектар жердің 600 гектары ғана қалды. Алдағы 1-2 күнде іс мәресіне жетеді. Танаптарда майлы дақылдар да, дәнді дақылдар да өсіп тұр. Айтар болсам, күнбағыс, рапс, жасымық, арпа, бидай, сұлы өсіріледі. Астықты үнемі назарда ұстаймыз. Егер аурулар және зиянкестер бойынша күмән туса, қосымша химиялық өңдеуге кірісеміз.

Енді тұтас өңірге қатысты дерекпен бөлісейік. Облыста 2,7 млн гектар арамшөпке қарсы өңделген. Бұл жоспардың 71% құрайды. Аурулардың алдын бойынша 858 мың гектарда жұмыс жүргізіліпті. Ал зиянкестерге қарсы шара 1 млн гектарда аяқталған. Өсімдіктерді қорғау бағытында мемлекеттік көмек бар. Мысалы, пестицид құнының 50% ел билігі тарапынан өтеледі.

 

Байболат Құлтанов