2025 жылдың көктемінде Тепличное мен Прибрежное ауылдары су тасқынының қатерлі аймағына тағы енді. Су деңгейі күрт көтеріліп, қорғаныс бөгеттеріне жақындап қалған еді. Жағдайдың ушығуына байланысты шұғыл түрде күштер жұмылдырылды: әскерилер мен құтқарушылар тәулік бойы жұмыс істеп, құм салынған қаптармен бөгеттерді бекітті, ауыр техника тартылды. Ең осал аумақтардан халықты көшіру жұмыстары жүргізілді. Қазір жүргізіліп жатқан ауқымды құрылыс болашақта мұндай төтенше жағдайлардың алдын алып, ауылдарды тасқыннан қорғайтын болады.
БЕЙБІТ ИСМАНОВ, Қызылжар ауданы әкімінің уақытша міндетін атқарушы:
— Бүгінде құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер ұйым анықталды. Қазір мамандар бөгеттің негізгі құрылымын дайындауға кірісті – іргетас тегістеліп, нығыздалуда. Кейін бұл жерге темірбетон плиталар төселеді. Бұл – бүкіл құрылымның беріктігі мен сенімділігін айқындайтын басты кезеңдердің бірі.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов барлық қорғаныс нысандарының құрылысын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Аймақ басшысының айтуынша, бұл – өңір үшін басты міндет.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Биыл барлық қорғаныс құрылыстары бойынша жұмыстарды аяқтауымыз тиіс. Өткен көктемдегі су тасқыны кезінде бөгеттер ауыр жүктемеге қарамастан сыннан сүрінбей өтті. Ендігі міндетіміз – темірбетон плиталарын орнатып, жылдар бойы қызмет ететін мықты қорғаныс жүйесін қалыптастыру.
Сонымен қатар, облыстық маңызға ие 2 900 метрлік автожолды қайта жаңарту жоспарланып отыр. Жоба құны – 3 миллиард теңге. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
СНХР: БЕЙБІТ ИСМАНОВ, Қызылжар ауданы әкімінің уақытша міндетін атқарушы:
— Көктемгі су тасқыны кезінде әдетте Прибрежное ауылы облыс орталығынан оқшауланып қалады. Жолды су шайып кетеді. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін жол төсемінің биіктігін 5 метрге дейін көтеруді жоспарлап отырмыз. Бұл – тасқын кезінде де елді мекенге үздіксіз әрі қауіпсіз қатынауды қамтамасыз етеді.
Жобаны жүзеге асыру келесі жылға жоспарланған. Өңір басшысы жол құылысын екі жылдың ішінде аяқтауды тапсырды.