Қоғам

Ыстық қашанға дейін сақталады?

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

— Мынандай ыстықта көлеңкеде тұрмасаң немесе салқын сусын ішпесең, далада жүру мүмкін емес. Күн қайнап тұр. Маусымның соңы жайлы болды. Жаңбыр жауып, қолайлы ауа райы мазаны қашырмады. Ал шілде келіп еді ми қайнатар ыстық жетті. Алдағы күндері сынап бағанасы көтеріле ме? Оны синоптиктерден сұрадық.

ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, «Қазгидромет» РММ СҚОФ бөлім басшысы:

— Бірінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде 15-20 градус болады. Ал күндіз 28-33 градусқа дейін көтеріледі. Кейін төмендеу орын алады.

Демек, алдағы бірер күнде ыстықтың беті қайтады. Ал шіліңгір шілденің ортасында бірқалыпты ауа райы сақталмақ. Синоптиктердің есептеуіне сүйенсек, айдың 10-ы мен 20-сы аралығында ең жоғары температура 25 градустан сәл асады. Сосын күн райы тағы құбылады.

ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, «Қазгидромет» РММ СҚОФ бөлім басшысы:

—Үшінші онкүндікте ауа температурасы түнде 8-13 градусқа дейін, ал күндіз 20-25 градусқа дейін төмендейді. Кейін 30-35 градусқа дейін көтеріледі. Жауын-шашын норма мөлшерінде күтіледі. Кей жерлерде нормадан көп болады.

Шілдедегі ауа райына әсіресе демалысқа шығатын адамдар, шаруалар мен бағбандар үмітпен қарайды. Олар алаңсыз тыныққанды және еңбек еткенді қалайды. Өзгелерінің де қалауы – қалыпты температура. Алда 6 ай қыс тұрғанын бес саусақтай білетін теріскейліктер күн сәулесіне көбірек шуақтағанға қарсы емес.

Ерте ме, кеш пе ауа райы өзгеретіні сөзсіз. Шуақты күнде шаттанып жүрген жерлестеріміз осыны ұмытпауы қажет. Бұл ретте айта кету керек, шілдеде жиі найзағай байқалмақ. Арасында күші секундына 20 метрге дейін жететін жел соғады.

 

Байболат Құлтанов