Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғамӨнеркәсіп

Сорғы станциясы қайта жаңғыртылды

Петропавлда бірінші көтерілімдегі су сорғы станциясы қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Қалаға ауызсу жеткізетін маңызды нысан 1974 жылы салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Өткен жылғы су тасқыны кезінде станцияны толығымен су басқан болатын. Бұл жағдай шұғыл жөндеу жұмыстарын бастауға түрткі болды. Бүгінде жаңарту жұмыстары толық аяқталды.

ДАНИЯР ҚУАНЫШБАЕВ, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

—  Бүгінде нысан қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Мұнда 4 сорғы орнатылған. Олардың ерекшелігі – кез келген жағдайда жұмыс істей береді. Сонымен қатар, бұл жерде биіктігі 4,5 метр болатын бөгет салынды. Оның құны – 750 миллион теңге. 

Жаңғыртудан өткен нысан кез келген климаттық жағдайда, соның ішінде су тасқыны кезінде де үздіксіз жұмыс істеуге бейімделген. Реконструкция аясында сорғылар толық ауыстырылып, электрмен жабдықтау жүйесі жетілдірілді, автоматты басқару тетіктері орнатылды және қорғаныс бөгеті салынды. Нысанда болған өңір басшысы бұл жобаның қала тұрғындарын үздіксіз сумен қамту және инфрақұрылымды табиғи апаттарға төзімді ету жолындағы маңыздылығын атап өтті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Қазіргі таңда Петропавл – резервтік су көзі жоқ жалғыз облыс орталығы. Сондықтан бірінші көтерілімдегі станцияның тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, қосалқы желі тартуымыз қажет. Бұл мәселе және оның сапасы тұрақты бақылауда болады.

Жобаның жалпы құны – 2,9 млрд теңге. Мердігер – “Stonehenge Construction” компаниясы. Олар жұмысты тиісті мерзімде аяқтап, сумен қамтуды тоқтатпай, тасқындарға төтеп бере алатын талаптардың барлығын ескеріп іске асырды.