ҚоғамСпорт

Солтүстікқазақстандық жас құтқарушылар халықаралық жарыстан олжалы оралды

Маусымның 23-30 аралығында Әзербайжанның Габала қаласында “Жас құтқарушы” атты халықаралық жарыс өтті. Дүбірлі додаға 5 мемлекеттен келген “Сен тұр, мен атайын” дейтін болашақ төтеншеліктер қатысты. Байрақты бәсекеде ел намысын Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенттері қорғады. Жерлестеріміз үмітті ақтады. Халықаралық жарыста олар айды аспаннан бір-ақ шығарып күміс жүлдеге ие болды.

Бүгін чемпиондарды болашақ әріптестері қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінде сән-салтанатпен күтіп алды. Шараға облыстың бас құтқарушысы Жомарт Асқаров қатысты. Осы ретте ел намысын неге тек солтүстікқазақстандық жастар қорғады деген сұрақ туындайды. Себебі, жерлестеріміз жыл бойы ел деңгейіндегі өткен жарыстарда жеңімпаз атанған.

СЕРІК ШАҚАБАЕВ, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің оқытушысы:

— Жарыс 3 кезеңнен тұрды. Олар: өрт эстафетасы, кедергілері бар қашықтық және зардап шеккендерді іздеу және құтқару.

Бұл жетістік жастарға серпін беретіні сөзсіз. Студенттердің сөзінше, сайыс өте қиынға соққан. Себебі, облыстың ғана емес, бүкіл елдің намысын қорғаған кезде арқаға екі есе ауыр жүк түседі екен.

АЙДОС ОРЫСБЕК, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

— Жарысқа тыңғылықты дайындықпен бардық. Құтқарушы болуды бала кезімнен армандадым. Жарыста тек Әзербайжан құрамасына есе жібердік. Оның да өзіндік себебі бар. Себебі, сайыс қожайындары жарыс өткен жерді толықтай біледі.

Айта кету керек, жас құтқарушылар сәл тынығып, қыркүйекте өтетін ел чемпионатына дайындықты бастайды.

 

Нұрасыл Ахмет