Ауыл шаруашылығыҚоғам

СҚО-да мал азығы молынан дайындалуда

Өңірде жаздың бірінші айы ерекше ылғалды болды. Маусымда орташа есеппен 49,2 миллиметр жауын-шашын түсті. Бұл топырақтың ылғалдылығын арттырып, шөптің қарқынды өсуіне зор септігін тигізді. Биыл облыста 392 мың гектар алқапқа мал азығы егілген. Бұл былтырғы жылға қарағанда 37,9 мыңға көп.

ТАЛҒАТ НАУРЫЗБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

— Оның ішінде 109,5 мың гектары – біржылдық шөптер, көпжылдық шөптер – 9,6 гектар және 30 мың гектардан астам алқапқа жүгері егілді. Ағымдағы жылы жем-шөп алқаптарынан орташа есеппен 25 центнер өнім алудамыз.

Облыстағы мал басының саны 52 мыңды құрайды. Оның жартысынан астамы серіктестіктерге тиесілі. Өңірдегі төрт түлікті азықпен қамтамасыз ету үшін биыл 940 мың тонна шөп, 867 мың тоннадан астам сабан мен 818 мың тонна жем дайындау қажет. Сондай-ақ, 178 мың тонна пішендеме мен 237 мың тонна сүрлем әзірленуі тиіс. Айта кету керек, теріскейлік шаруалар маңызды науқанның 30 пайызын аяқтады.