“Парасат” мектеп-лицейі – Қызылжар ауданындағы жалғыз қазақ мектебі. Білімді оқушыларымен, білікті ұстаздарымен көпке танымал мекеме бүгінде күрделі жөндеу көруде. Мұндай жұмыс әлеуметтік маңызды нысанның таспасы қиылғалы, яғни 2006 жылдан бері жүргізілмепті.
САҒАТ ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ, “Парасат” мектеп-лицейінің директоры, Қызылжар ауданы:
— Мұндай жөндеу өте қажет. Соңғы жылдары төбеден су ақты. Қуаныштымыз. Мектеп 360 орындық, қазір 340 оқушы білім алады.
Енді төбеден су ақпайды. Ескі шатыр толығымен алынады. Оның орнын алыстан көз тартар жаңасы басады. Мамандардың қолын ауа райы байлап отырғаны жасырын емес. Қызметкерлер бұрынғыны бір күнде бұза алмайды. Жаңбыр жауса, төккен тер зая кетеді.
ЖАСКЕН ЕЛЕУКИН, учаске бригадирі:
— Шатырдың ауданы 2 мың шаршы метрге жақындайды. Бүгінгі күнге дейін 1000 шаршы метрдегі жұмысты аяқтадық.
“Ақырын жүріп, анық бас” дегендей, іске жауапты жандар осылай төбені жаңаламақ. Биыл “Парасат” мектеп-лицейінің ішіне де сән кіреді. Екінші қабатты біраз өзгеріс күтіп тұр.
ЖАСКЕН ЕЛЕУКИН, учаске бригадирі:
— Демонтаж жасалды. Еденнің үсті қырылды, тегістелді. 1-2 күнде линолеум төселеді.
Биыл Қызылжар ауданында “Парасат” мектеп-лицейі ғана күрделі жөндеу көреді. Маңызды іске қазынадан 144 млн теңге бағытталған.
ДАНА ҚАЗИЕВА, Қызылжар аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
— Сонымен қатар, аудандағы 4 білім ұясында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар: Бәйтерек, Пеньков және №2 Бескөл орта мектебі мен Приишим негізгі мектебі. Аталған мекемелердің қасбеті жаңарады, жылу жүйелері ауыстырылады. Бұдан өзге де шаруа бар. Өзгерісті оқушылар мен қызметкерлер алдағы күзде сезінеді.
Жоспар бойынша 5 білім беру мекемесіндегі жұмыс тамыздың соңына таман аяқталады. Әзірге учаскелерде кестеген қалу байқалмайды. Сапа да бақылауда. Арнайы мамандар тұрақты түрде келіп, жұмыс қарқыны мен сапасына назар аударып тұрады.
Байболат Құлтанов