“Ассамблея жастары” республикалық қоғамдық бірлестігі ресми түрде ЮНЕСКО құрамына кірді. Мұндай жетістікке Орта Азия елдері арасында ешбір ұйым жетпеген. Биыл қоғамдық институттың 30 жылдық мерейтойы екенін ескерсек, бұл тамаша тарту деп білуіміз қажет.
ДАРИҒА СМАИЛОВА, “Ассамблея жастары” РҚБ СҚОФ өкілдігінің жетекшісі:
— Ассамблея жастары – Қазақстандағы ең белсенді ұйымның бірі. ЮНЕСКО құрамына кіру біздің зор мақсатымыз болды. ЮНЕСКО-ға кіру үшін желтоқсан айында республикалық қоғамдық бірлестіктің төрағасы Жұмырбаев Тимур Ғабдолұлы хаттама толтырды. Оның жауабы осы мамыр айында келді.
ЮНЕСКО қатарына кіру оңай емес. Ассамблея жастары тарихта қалу үшін бүгінге дейін атқарылған барлық жұмысты топтастырған. Сосын арнайы шақырту бойынша Парижді бетке алыпты. Франция астанасында еліміздің делегация ілкімді істерді таныстырып, арнайы жоба қорғаған. Топта белсенді азамат Сәлімхан Сәбитов те болды.
СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, “Ассамблея жастары” РҚБ СҚОФ президиум мүшесі:
— Делегация құрамында болғаныма өте қуаныштымын. Бізді өзіміздің елшілігіміз жақсы күтіп алды. Басқа елден қатысқан жандар өздерінің сұрақтарын қойды. Оларды 120 ұлт өкілінің бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатқанымызға таң қалды.
Экологиялық акциялар, әлеуметтік жобалар мен мемлекеттік тілді дамыту сынды 6 бағытта белсенді жұмыс істейтін бірлестіктің еңбегі былтыр да еленді. Онда Қазақтандағы “Ең белсенді жастар ұйымы” атанды. 2021 жылы Президент жарлығымен құрылған ұйымға өңірден 200-ге жуық жас мүшелік етеді.
Ақтолқын Солтанханқызы