Бұл жерде бала қиялынан туындаған сан алуан қалашық бейнеленген. Түрлі түсті бормен өз әлемін бейнелеген ұл-қыздардың суретінің көркемділігі бір-бірінен асады. Мына тұста София Чистик әсем қалашық салып жатыр. Оның сөзінше әр бөлігі жаздың ыстық әрі шаттыққа толы күндерінен сыр шертеді.
СОФИЯ ЧИСТИК, шараға қатысушы:
— Мен ең алдымен күнді бейнеледім. Ал қасына кәмпиттен жасалған үйлер мен сабын көпіршіктерін салып жатырмыз. Маған асфальтта сурет салған қатты ұнайды.
Қыздардың басым бөлігі көздің жауын алатын анық әрі ашық түстермен өз қиялындағы көріністі бейнелесе, ұлдар жағы бойларындағы патриоттық сезімдерін танытты. Олар алдағы Астана күніне орай мерекелік торт пен шар және елордамыздың басты символы – Бәйтеректі бейнелееді.
ӘРСЕН СӘЛІМТАЙ, шараға қатысушы:
— Мен бүгін Ахмет досыммен асфальтқа сурет салдым. Қала күнімен баршанызды құттықтаймын!
Тұңғыш Президент саябағында өткен “Менің арманымдағы қала” атты шараға 40-қа жуық ұл-қыз қатысты. Байқау Астана күніне орай ұйымдастырылды.
НАРИМАН ТОҚСАНБАЕВ, Жастар ресурстық орталығының маманы:
— Сурет конкурсына жасөспірім балалар қатысады. Олардың көбі – аулалық клубтан келген ұл қыздар. Іс-шара жас балалардың өз қаласына деген сүйіспеншілігін арттыру мен шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Шара соңында өнерлі жеткіншектерге тәтті сыйлықтар мен мақтау қағаздары табысталды.
Ақтолқын Солтанханқызы