Ауыл шаруашылығы

Аққайың ауданындағы мал азығын дайындау жұмыстары

Облыста малға жем-азық дайындау науқаны басталды. Солтүстікқазақстандықтар бүгінде жаздың әр күнін тиімді пайдалануға тырысуда. Қазір біз Аққайың ауданындамыз. Қыстың қамын жазда ойлаған “Баянды СК” серіктестігінің пішеншілері алғашқылардың бірі болып шабындыққа орақ салған. Мамандар мал азығын дайындау үшін биыл көпжылдық пен судан шөбін егіпті.

ВАСИЛИЙ МОРОЗОВ, “Баянды СК” ЖШС агрономы, Аққайың ауданы:

— Шөп шабу жұмыстарына 10 күн бұрын кірістік. Бізге тек ауа райы ғана кедергі болып тұр. Биыл 250 гектар алқапқа шөп ектік. 2400 тонна өнім алуды жоспарлап отырмыз.

Маңызды науқанмен серіктестік қызметкерлері таң атқаннан кеш батқанша дейін айналысуда. Бүгінге дейін мамандар барлық жұмыстың 20 пайызын аяқтаған. Қазіргі таңда мұнда 2 жаңа, тегеурінді техника жүр.

ВАСИЛИЙ МОРОЗОВ, “Баянды СК” ЖШС агрономы, Аққайың ауданы:

— Орылған шөп кепкенше дейін алқапта жатады. Шамамен 2-3 күннен кейін басқа техниканың көмегімен жинаймыз. Жіппен байлап, дөңгелек пай жасаймыз. Әзірленген өнім серіктестіктегі малға беріледі. Жалпы, қазіргі күні агроқұрылымда 10 бас сиыр мен 200-ге жуық қой бар. Етті қаладағы сауда орындарының біріне сатамыз.

Ағымдағы жылы “Баянды СК” серіктестігі 2500 гектар алқапқа дән сіңірген. Оның 40 пайызы дәнді және дәнді бұршақты, қалғаны майлы дақылдарға арналған. Шаруашылық аядай ғана болса да жылда мол өнім алады екен. Айта кету керек, серіктестікте барлығы – 20-дан астам адам жұмыс істейді.

ЖАНДӘУЛЕТ МҰҚАШЕВ, “Баянды СК” ЖШС механизаторы, Аққайың ауданы:

— Серіктестікте еңбек етіп жүргеніме 10 жылдан асты. Бар жағдай жасалған. Жалақымыз жақсы. Кешіктірілмей беріледі. Тізгіндеген техникам да жаңа.

Биыл Аққайың ауданында 221 мың гектардан астам алқапқа дән сіңірілген. Оның 166 мыңы – дәнді және дәнді-бұршақты дақыл, 38 мыңына – майлы, қалғанына мал азығы егілген.

 

Нұрасыл Ахмет