Соңғы бес жылда жергілікті жемқорлықпен күрес қызметінің өкілдері бармақ басты, көз қысты фактілері туралы хабарлаған 16 адамға 3 млн теңгеден астам қаржы көлемінде сыйақы берген. Хабар берушіге төленетін біржолғы ақшалай сыйақы пара немесе келтірілген залал, ұсынылған жеңілдік және көрсетілген қызмет құны 1000 АЕК-тен асқан жағдайда (4000 АЕК-тен көп емес) сол көлемнің 10% құрайды. Ал бір мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын немесе залал келтірілмеген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша біржолғы ақшалай сыйақы құқық бұзушылықтың санатына байланысты 30-дан 70 АЕК-ке дейінгі мөлшерде белгіленеді. Мәселен, ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысы туралы хабарлаған 11 адам 70 АЕК-тен алған. Сыбайлас жемқорлыққа «нөлдік төзімділігі» бар азаматтардың ішінде мемлекеттік қызметші де бар. Ол өзінің басшысына қызметте жоғарылату мәселесін шешу үшін заңсыз ақшалай сыйақы беруден бас тартқан. Сыйақы айыпты адамға қатысты айыптау үкімі немесе әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулысы заңды күшіне енген соң ғана беріледі. Жемқорлық жайлы арнайы қызметтің call-орталығына 1424 нөмірі бойынша хабарлауға болады.