Балалар

Шеткері орналасқан ауданның балалары ойын алаңын армандап жүр

ДАНИЯЛ ЕРТАЕВ: «Ағам екеуіміз күн сайын “Бірлік” ықшам ауданына барып ойнаймыз. Бізде ойын алаңы жоқ. Тұрғызылғанын асыға күтіп жүрміз. Егер өзімізде салынса, “Бірлікке” бармайтын едік. Ол жақта бала көп, ойнайтын жер тар».

ЛЕВ ГЕРАСЫМОВ: «Әртүрлі жастаға көп бала көшеде жай жүреді. “Бірлік” ықшам ауданына күнде барып шаршадық. Кейбір балада қатынайтын велосипед жоқ».

МИХАИЛ ТЕСТОЕДОВ: «Біздің ойын алаңы қирап жатыр. Әткеншектерде тербеле алмайсың. Құлап кетуің мүмкін. Бізге ойнайтын жер керек».

Бұл балалар шаһардың “Солнечный” ықшам ауданында тұрады. Ұл-қыздардың басты арманы – өздерінің ойын алаңында асыр салу. Қазір олар асфальт төселген жалғыз жолда велосипед тебеді, қараусыз қалған ғимараттарды аралайды. Бос уақытты күн ұзаққа осылай өткізеді. Мұндай серуен қауіпті. Көшеде жүретін көлік бар, ал иесіз насандардан тас құлауы немесе балақайлардың өздері құлауы мүмкін. Ата-аналар алаңмен өмір сүріп шаршаған. Олардың тілегі – бұйымтайдың орындалуы.

((НАТАЛЬЯ ВЕДЕРНИКОВА, “Солнечный” ықшам ауданының тұрғыны:

— Мен үш баланың анасымын. Ықшам аудандарда балалар үшін тиісті жағдай жасалуы қажет деп санаймын. Себебі, ұл-қыздарымыз көшеде жай жүреді. Оларды үнемі алаңдап отырамыз. Шағын алаңқайлар тұрғызылса, орындықтар мен басқа да дүниелер қойылса, тамаша болар еді. Бізге назар аударуды өтінеміз.

Ананы да, баланы да толғандырған мәселе шаһар басшысының құлағына жетті. Аудан тұрғындары облыстық кітапхана қабырғасында Серік Мұхамедиевтің халықпен кездесуіне барды. Әкім бұқараны тыңдады. Жүздесу соңында жауапты атқамінерлерге өтінішті қарастыру және біржақты ету бойынша тапсырма берді.

 

Байболат Құлтанов