Спорт

Петропавлда киокушинкай каратеден жастар мен жасөспірімдер арасында облыс чемпионаты өтті

Демалыс күндері Петропавлда киокушинкай каратеден жастар мен жасөспірімдер арасында облыс чемпионаты өтті. Жарысқа өңірдің түкпір-түкпірінен 1000-нан астам спортшы жиналды. Дүбірлі дода аталған спорт түрінің 3 бағыты бойынша ұйымдастырылды. Олар: ката, кумитэ және тамешивари.

ВЛАДИМИР ВИТЧЕНКО, Бүкілқазақстандық киокушинкай карате ұйымы СҚОФ директоры:

— Облыста бәселекелестік жоғары. Бұл республикалық, әлемдік додаларда жоғары нәтиже көрсетуімізге зор септігін тигізетіні сөзсіз. Жалпы, өңірде 2 мыңға жуық бала аталған спорт түрімен айналысады. Соңғы жылдары өңірде каратеге қызығушы жастардың саны еселеп артуда.

Владимир Витченконың айтуынша, бүгінгі доданы өткізудегі мақсат – биылғы жылдың үздік спортшысын анықтау ғана емес, жас буынды спортқа баулып, шымыр болып өсулеріне ықпал ету. Қатысушылардың барлығы жарысқа тыңғылықты дайындықпен келген. Оны жасаған әдістерінен көруге болады. Әрбіреуі жинақы өнер көрсетіп, көрерменнің көзайымына айналды.

МАРАТ БЕЙСЕКЕЕВ, жарысқа қатысушы:

— Каратемен айналысып жүргеніме 11 жылдан асты. Осы уақыт ішінде 2 рет Азия чемпионы атандым. Әлем чемпионатына қатыстым. Аталған жарысқа 1 ай бойы тыңғылықты дайындалдым. Мақсатым – тек жеңіске жету.

Айта кету керек, 6 солтүстікқазақстандық каретеші қазан айында Австрияда өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайды.

 

Нұрасыл Ахмет