Солтүстік Қазақстан облысының әкімінің жеке қабылдауына келгендердің бірі – Әлім Шүкенов. Ол Петропавл тұрғындарын толғандыратын бірқатар өзекті мәселе көтерді. Атап айтқанда, вокзал маңында автотұрақтың жетіспеушілігі, қарттар үйіндегі орын тапшылығы, саябақтың нашар жағдайы мен тротуарларды абаттандыру қажеттілігі айтылды. Ерекше назар қаладағы базар маңында санитарлық нормалардың бұзылуы мен ретсіз құрылыстарға аударылды. Оның айтуынша, сауда сөрелері «қызыл сызықтарды» бұза отырып салынып жатыр.
ӘЛІМ ШҮКЕНОВ, қала тұрғыны:
— “Дәрия” базары Абай мен Интернациональный көшелерінің ортасында, қаланың дәл орталығында орналасқан. Қызыл сызықтар бұзылып, бей-берекет құрылыс жүріп жатыр – оны көзбен көру керек. Бұл аумақ автотұрақ ұйымдастыруға қолайлы: жасыл аймақ бар, бірақ қазіргі жағдай өте қиын – көлік қатынасы қиындаған, үнемі кептеліс.
Біржақты қозғалыс белгісі орнатылғанымен, көлік қозғалысы ауыр. Базарға келушілерге арналған тұрақтар жоқ. Интернациональный көшесіне шығатын тұста жасыл аймақ бар, оны қиыршық тас төсеп, абаттандыруға болады. Сонымен қатар, киоскілер тікелей жылу құбырының үстіне орнатылған. Апат болған жағдайда оларды шұғыл түрде алып тастау қажет болады.
Облыс әкімі сауда қатарлары орналасқан аймақтың санитарлық жағдайын тексеруді және қосымша тұрақ орындарын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Ол үшін жауапты қызметтер аталған жерге барып, жағдайды өз көздерімен көруі керек екенін айтты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Қиыршық тас төсеу мен тәртіп орнату мәселесіне келсек: санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қарасын, санитарлық жағдайды тексерсін. Қалалық Полиция департаменті де қарасын, тәртіп орнатсын. Егер сол жерде антисанитарлық жағдай орын алса, қосымша тұрақ орнын жасауға мүмкіндік болса, жасайық, тәртіп орнатайық, жоспарлайық. Базарларды түгел араламадық, уақыт белгілеп барайық, абаттандыру, тұрақтар мәселесін қараймыз. Бұған дейін өрт болған «Рахат» базарын да барып көреміз.
Қала тұрғыны Вадим Саликов аула аумағын абаттандыру мәселесін көтерді. Тұрғындар ауладағы шұңқырлардың салдарынан ұсақ жол-көлік оқиғалары жиілеп кеткеніне шағымданды. Сондай-ақ, спорт алаңындағы қоршауды жаңарту туралы өтініш білдірді.
ВАДИМ САЛИКОВ, қала тұрғыны:
— Көптеген шағым бар. Адамдар шұңқырларды айналып өтіп жүріп, бір-бірінің көліктеріне соғылады. Суреттерді жібергенбіз, дәлел бар. Бұл мәселе тұрғындардың наразылығын тудырып отыр, тіпті кейбіреуі бізді сотқа бермек болды, бірақ біз өзара шешіп алдық. Тағы бір өтінішім – футбол алаңын жаңартып, қоршауын мықты етіп жасап берсеңіздер. Қазіргі жағдайы ұзаққа шыдамайды.
Облыс әкімі аулаларды абаттандыру бойынша жобалық шешімдердің негізділігін талдауды тапсырды. Асфальт жабындысының жай-күйі мен қоршаулардың сапасына ерекше назар аудару қажеттігін айтты. Тұрғындар тарапынан түскен шағымдарды ескере отырып, барлық жұмыстарды соңына дейін жеткізуді тапсырды.