Денсаулық сақтауҚоғам

Медициналық колледж студенттеріне диплом табысталды

Қуанышты әрі әсерлі сәт. Бүгін Жұмағали Тілеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінің 4 жыл тәлім алған студенттері білім ордасымен қоштасуда. Колледж табалдырығын аттаған оқушылар енді білдей мамандық иесі атанды.

Білім ордасын биыл 323 студент тәмамдады. Соның 144-і грантта оқыды. Бүгін диплом алғандардың барлығы “Емдеу ісі” мамандығын меңгерген. Солардың бірі – Дарина Қуаныш. Нәзікжанды алдағы уақытта аталған салада қалып, жоғары оқу орнына түсуді жоспарлап отыр.

ДАРИНА ҚУАНЫШ, Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінің түлегі:

— 4 жыл ішінде көп дүние үйрендім. Өмірімдегі ең қызықты сәттер осы білім ордасында болды. Бала кезімнен дәрігер болуды армандадым.

Мақсат орындалды. Қуанышта шек жоқ. Қошеметке бөленгендердің құшақтары гүлге толды. Түлектердің жүзінен қуаныш сезімі байқалады. 4 жыл білім нәрімен сусындаған оқу орнын қимай тұрғандары да аз емес.

ДӘРИЯ ҚАРАБАЙ, Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінің бөлім меңгерушісі:

— Сәуір айында барлық түлектерге өңіріміздің медициналық мекемелерінен жұмыс тауып бердік. Медицина – нарыққа ең қажетті сала.

Жасыратыны жоқ, өңірде медицина саласында кадр тапшылығы бар. Облыста білікті дәрігер алтыннан қымбат. Аталған олқылықтың орнын толтыруда колледждің қосып жатқан үлесі зор деп айтуға толық негіз бар. Айта кету керек, биыл оқу орнын 36 студент үздік аяқтады.

 

Нұрасыл Ахмет