1 шілдеден бастап Қазақстанда балаларды отбасыға орналастырудың жаңа түрі – кәсіби қабылдаушы отбасы енгізіледі. Бұл – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін қауіпсіз әрі жайлы үй жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған уақытша, бірақ маңызды қадам. Кәсіби қабылдаушы отбасылар бір уақытта төрт балаға дейін тәрбиелеуге мүмкіндік алады. Мұндай отбасыға бала қабылдамас бұрын үміткерлер міндетті түрде арнайы дайындықтан өтуі тиіс. Оқыту жетім балаларға арналған мемлекеттік мекемелерде және балаларды отбасыға қабылдағысы келетін адамдарды оқытуға құқығы бар аккредиттелген ұйымдарда ұйымдастырылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің сайтында жазылды.
НАСЫМЖАН ОСПАНОВА, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы:
— Қазіргі уақытта қамқоршылық органдары кәсіби қабылдаушы ата-аналарды іріктеу және даярлау жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп жатыр. Жаңа форматтың негізгі артықшылығы – балалар интернат мекемелеріне емес, бірден отбасыларға орналастырылады. Бұл — баланың психологиялық күйзеліске түсу қаупін азайтып, алғашқы күндерден-ақ оны мейірім мен жылылыққа толы тұрақты отбасылық ортаға бейімдеуге мүмкіндік береді.
Кандидаттарды бекіту туралы түпкілікті шешімді қамқоршылық және қорғаншылық органдары қабылдайды. Бұл шешім ұсынылған құжаттардың толықтығы мен заң талаптарына сәйкес қабылданады.Әрбір кәсіби қабылдаушы тәрбиешіге балаға жұмсалатын ай сайынғы жәрдемақы, сондай-ақ тәрбиелеу қызметі үшін еңбекақы төленетін болады. Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде балаларды отбасына орналастырудың төрт түрі бар: асырап алу, қамқоршылық, патронат, қабылдаушы отбасы.
Ақтолқын Солтанханқызы