БалаларҚоғам

Е. Даутов атындағы қызмет көрсету саласы колледжін 170-ке жуық маман тәмамдады

Ескендір Даутов атындағы қызмет көрсету саласы колледжін түлектердің кезекті легі тәмамдады. Бұл жолы 170-ке жуық адамға диплом табысталды.

Салтанатты шараның негізгі бөлігі басталғанша жиналған қауым талантты жастардың өнерін тамашалады. Бишілерге сүйсіне қараған түлектер мен ұстаздардың жүзінен қимастық сезім байқалады. Олар бірнеше жыл ішінде бір-біріне бауыр басты.

ЖҰЛДЫЗ ЫСҚАҚОВА, Е. Даутов атындағы қызмет көрсету саласы колледжі директорының орынбасары:

— Биыл 169 түлек аяқтайды. Соның 103-і «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша білім алды.

Колледжді аяқтаған жастар – жұмысшы мамандық иелері. Олар қоғамдағы маңызды бағыттарда еңбек етеді. Осылайша еліміздің дамуына үлес қосады. Қолдарына диплом алған түлектердің басым бөлігі бірден жұмыспен қамтылады. Оларды қызмет көрсетуші ұйымдар шақырып отыр.

ЖҰЛДЫЗ ЫСҚАҚОВА, Е. Даутов атындағы қызмет көрсету саласы колледжі директорының орынбасары:

— Бүгінгі шараға әлеуметтік серіктестерімізді шақырдық. Олар түлектерге жұмысқа шақыру сертификатын тапсырады. Біздің колледжде барлық жағдай жасалған. Студенттер тегін оқиды.

Колледжді аяқтайтын түлектің бірі – Анастасия Воробьёва. Жоғары білімі бар азаматша бүгін асқақ арманына қол жеткізеді. Декреттік демалысқа шыққан 33 жастағы жерлесіміз бос уақытта пайдаланып, жұмысшы мамандықтардың бірін меңгеруді жөн көріпті.

АНАСТАСИЯ ВОРОБЬЁВА, Е.Даутов атындағы қызмет көрсету саласы колледжінің түлегі:

— Мен “Құқықтану” мамандығы бойынша білім алып, магистр атанғанмын. Петропавлда және Омбыда оқыдым. Қайтадан студент атанғым келді. Өзім ас дайындағанды жақсы көремін. Бойдағы ынта-жігердің арқасында «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығына түстім. Уақыт зыр ете түсті. Сабақ оқыдым, үй тапсырмаларын орындадым. Мұның барлығы мен үшін қызық әрі пайдалы болды.

Қазір Ескендір Даутов атындағы қызмет көрсету саласы колледжіне қабылдау жұмысы жүргізілуде. Биылғы мемлекеттік тапсырыс 200 адамды құрайды. Яғни, осынша талапкер грантқа түсе алады. Бүгінде 50-ден астам болашақ студент өтініш білдіріпті.

 

Байболат Құлтанов