100 жылдан астам тарихы бар “ЗИКСТО” зауытында заманауи вагондар шығарылатын болады. Бір кездері талайға танылған өндіріс ошағының аумағында қазір ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңында кәсіпорында жылдық қуаттылығы 3 мың бірліктен асатын кешен қолданысқа беріледі. Жоба құны – 24 млрд теңге.
ДАНИС АРАСЛАНОВ, “Railways Systems KZ” холдингінің жылжымалы құрам бойынша атқарушы директоры:
— Құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталды. Кешенде жолаушы және жүк тасымалдаушы вагондар мен тіркемелер шығарылады. Игі бастама өңіріміздегі өндіріс саласының дамуына зор ықпалын тигізеді. Айта кету керек, жоба – инвестициялық. Қаржыны қазақстандық ірі компания құйып отыр.
Заманауи кешен іске қосылысымен 300 адам жұмыспен қамтылады. Жалпы аумағы – 12 мың шаршы метр. Құрылыс детальдары Германия, Ресей мен Қытай елдерінен әкелінген. Заманауи кешеннен шыққан өнімнің біраз бөлігі ел ішінде қолданылатын болады.
ДАНИС АРАСЛАНОВ, “Railways Systems KZ” холдингінің жылжымалы құрам бойынша атқарушы директоры:
— Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. 80 пайызына жеттік деп айта аламын. Мұндағы қолданылатын құрылғылардың бәрі жаңа. Заманауи кешен қолданысқа берілгеннен кейін 1 күнде 3 вагон шығаруға қауқарлы боламыз.
Осы ретте сандарды сөйлессек, қазіргі таңда зауыт жылына 1500 жүк, 500 жолаушы тасымалдаушы вагонды және 12 мың дөңгелек жинағын шығаруға қауқарлы. Кәсіпорында 35 мың шаршы метр аумағында сүру жұмыстары жүріп жатыр. Айта кету керек, биыл Петропавлда 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылады.
Нұрасыл Ахмет