Спорт

Ауылдың баласы Азия чемпионатынан күміс еншіледі

21-26 маусым аралығында Вьетнамда грек-рим күресінен жастар мен жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өтті. Сары құрлық бәсекесінде жерлесіміз Зарап Сұңқар айды аспаннан бір-ақ шығарып күміс еншіледі. Бүгін болашағынан зор үміт күттірер жас Петропавлға оралды. Спортшыны теміржол вокзалынан туыстары, достары мен жаттықтырушылары және облыстық спорт басқармасының өкілдері күтіп алды.

Жерлесіміз ел мерейін асқақтатты десек қателеспейміз. Себебі, сары құрлықтың мықтылары жиналған додадан күміс алу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сұңқар грек-рим күресімен 8 жылдан бері айналысып келеді. Айта кету керек, теріскейлік палуан Азия чемпионатында 51 келіге дейін салмақ дәрежесінде белдесті.

СҰҢҚАР ЗАРАП, грек-рим күресінен Азия чемпионатының күміс жүлдегері:

— Чемпионатта барлығы 3 белдесу өткіздім. Бірінші белдесуде – иорданиялық, екіншісінде – үндістандық палуанды жеңдім. Финалда қырғыз палуанына 8 де 3 есебімен есе жібердім. Болашақта әлем, Олимпиада чемпионы болғым келеді.

Сұңқар Зарап – М.Жұмабаев ауданындағы Қарақоға ауылының тумасы. Қарсы алу шарасы барысында аудан әкімдігі жеңімпазға 300 мың теңгенің, ал облыс жаттықтырушылары қосылып 200 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Бұл ақшалай сыйлықтар спортшыға серпін беретіні сөзсіз. Чемпионымыз бірнеше жыл Қарақоға ауылында дайындалғанын тілге тиек еткен жөн. Жаттықтырушысы Жақсылық Әленовтің сөзінше, қазіргі таңда аталған елді мекенде 60-қа жуық бала грек-рим күресімен айналысуда.

ЖАҚСЫЛЫҚ ӘЛЕНОВ, Сұңқар Зараптың бапкері:

— Сұңқар өте еңбекқор болатын. Жаттығудан бірде-бір рет қалған емес. Бүгінгі жетістігі – талай жылғы еңбектің жемісі. Шәкіртімнің әлемдік додаларда атой салғанын қалаймын.

Осыдан бір жыл бұрын спортшымен Қазақстан чемпионы атанған кезде де тілдескен болатынбыз. Сол сәтте Сұңқар бізге ендігі мақсат – Азия чемпионатынан жүлде алу деген болатын. Жерлесіміз сөзінде тұрды. Айта кету керек, жас чемпион сәл тыныққан соң, жаттығуға қайта кірісетінін айтты.

 

Нұрасыл Ахмет