Қазақстанда ұл-қыздарды балабақшаға қабылдау тәртібі өзгерді. Енді балғындар мектепке дейінгі ұйымдардың табалдырығын ваучерлік қаржыландыру жүйесі арқылы аттайды. Мұндай жаңашылдық шілденің алғашқы жұлдызынан күшінен енді. Нақтырақ айтсақ, кешкі 18:00-ден бастап балаларды алдағы оқу жылына жинақтау жұмысы жүргізіледі.
БОТАГӨЗ ОСПАНОВА, Петропавл қаласы білім бөлімінің әдіскері:
— Ең алдымен ваучерлік қаржыландыру жүйесі жайлы айтуымыз қажет. Бұл жүйенің іске қосылуымен мемлекет қаржысы балабақшаның өзіне емес, әр балаға бағытталады. Яғни, ел билігі ашықтық қағидасына басымдық беріп отыр. Мектепке дейінгі білім беру ұйымына тіркелу үшін ваучер алу қажет. Ешқайда барудың қажеті жоқ. Барлық жұмыс онлайн режимде жүргізіледі.
Бұл ретте кейбір ата-ана сарыуайымға салынуы мүмкін. Ағайынды алаңдамауға шақырамыз. Тірліктің барлығы бірлігі немесе интернеті бар телефон арқылы тындырылады.
БОТАГӨЗ ОСПАНОВА, Петропавл қаласы білім бөлімінің әдіскері:
— Ваучер INDIGO24.KZ жүйесі арқылы автоматты түрде беріледі. Ол үшін ата-аналар тиісті құжаттарды алдын ала жинауы қажет. Бірінші кезекте медициналық тексеріске мән беріледі. Бала екпе қабылдауы қажет. Сосын ed24.kz мобильді қосымшасына тіркеліп, жеке кабинетте өтініштің статусын бақылап отырады. Жүгінуші тұлғаның кезегі келген сәтте ed24.kz қосымшасына хабарландыру жолданады. Бұл – сіз бен біз күткен ваучер.
Ваучер көп күттірмейді. Ол мобильді қосымшаға түскен сәтте мақұлдаған абзал. Сонда балабақша таңдауға жол ашылады.
ҒАЛИЯ СӘРСЕКЕЕВА, “Береке” балабақшасының меңгерушісі:
— 2 күнде ваучер келеді. Осыдан кейін балабақша таңдау керек. 5 күнде балабақшамен келісімшарт жасалады. Барлық ата-ана қиналмай ваучер алып жатыр. Заманауи технология балабақшалардың да дамуына үлесін қосуда.
Жаңашылдық балабақшалардың сапасын жақсартуға да әсер етеді. Қолында ваучері бар ата-ана өзіне ұнайтын ұйымға баратыны түсінікті. Егер тұрғындардың дені саусақпен санарлық мекемелерді таңдаса, өзгелердің басшылығы ойланады, қызмет көрсету жағына мән береді.
Бұл – “Береке” ықшам ауданындағы “Береке” балабақшасы. Жаңа әрі сәулетті ұйымда ваучерлік қаржыландыру жүйесі арқылы қабылданған ұл-қыздардың бір бөлігі алаңсыз тәлім алып, тәртіпке үйреніп жатыр. Жаңашылдық аясында балаларды бір мекемеден екіншісіне ауыстыруға болады. Ол кезде ваучерді мақұлдаудың қажет жоқ.
ҒАЛИЯ СӘРСЕКЕЕВА, “Береке” балабақшасының меңгерушісі:
— Бүгінгі таңда ваучерлік жүйе бойынша жұмыс істейміз. Бұл жүйе ата-анаға ыңғайлы. Ашық, мөлдір. Әр ата-ана баланың келіп-кетуін табель арқылы қарай алады. Егер бала қандай да бір жағдай бойынша балабақшаға бармаса, оның барлығы жүйеде көрінеді.
Бүгінгі таңда Петропавлда 49 мектепке дейінгі ұйым бар. Соның 29-ы – мемлекеттік. Шілденің соңына дейін 2 мыңнан астам бала балабақшамен қоштасады. Олардың орнын балғындардың кезекті легі басады. Есептеулерге сүйенсек, қазір шаһар бойынша кезекте 2400 ұл-қыз тұр.
Байболат Құлтанов