Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін дамыту, сондай-ақ цифрландыру мен су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелері қаралды. Олжас Бектенов сумен жабдықтау саласындағы жобаларды уақтылы аяқтаудың маңыздылығына назар аударды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-министрі:
— Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – аса маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі. Бұл мәселе Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Қажетті қаражат Республикалық бюджетте көзделген. Сонымен қатар заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару жөніндегі Президент тапсырмасы аясында сумен жабдықтау бойынша 230-ға тарта жобаны іске асыру үшін Арнаулы мемлекеттік қордан қосымша 160 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Тұрғындардың өмір сапасы таза ауыз суға тікелей тәуелді. Сондықтан елді мекендерді сумен қамтамасыз ету – Үкіметтің басым міндеттерінің бірі.
Премьер-министр климаттың өзгеруі, суды тұтыну көлемінің артуы және су ресурстарының тапшылығы жағдайында заманауи тәсілдер мен үнемдеу технологияларын пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Су құбырларын дамытуға айрықша назар аудару керек. Бұл жұмысты елді мекендерді дамыту жоспарларымен үйлестіре отырып жүргізу қажет.
Үкімет отырысы барысында Олжас Бектенов өнеркәсіп және құрылыс, су ресурстары және ирригация министрліктеріне, өңірлердің әкімдіктеріне инфрақұрылымдық бірқатар жобаны жүзеге асыруды жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар, Премьер-министр коммуналдық инфрақұрылымды жүйелі жаңғырту және желілердің тозу деңгейін әрі қарай төмендету қажеттігін атап өтті.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-министрі:
— Сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін дамытумен қатар, су үнемдеу технологияларын енгізу және су ресурстарын басқаруды цифрландыру жұмыстарын жандандыру қажет. Сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін одан әрі төмендету керек. Ескірген коммуналдық инфрақұрылымды барынша жаңғыртып, жаңаларын салуға маңыз берілуі тиіс. Бұл мәселе қабылданған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында шешімін табады.
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берілді. «Өңір әкімдіктері – жыл соңына дейін ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша іске асырылып жатқан барлық жобаларды пайдалануға беруді қамтамасыз етсін. Бұған өңірлердің бірінші басшылары тікелей жауап береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов. Сонымен қатар, Қаржы министрлігі бекітілген қаражатты жергілікті атқарушы органдарға жедел тәртіппен аударуы қажет.
Данаш Хамза