Жеңімпаз бишілерді жақындары теміржол вокзалында қошеметпен қарсы алды. Мәскеуде өткен өнер додасында жергілікті ұжым “Көшелік”, “Эстрадалық” және “Стильденген би” номинациялары бойынша нөмір ұсынған.
Полина Вернер – ұжымдағы солистердің бірі. Айтуынша, мұндай деңгейдегі байқауға қатысу биші үшін аса маңызды.
ПОЛИНА ВЕРНЕР, “Экспромт” халықтық би театрының солисі:
— Сапардан да, байқаудан да мол әсер алдым. Шетелдегі күндеріміз берекелі өтті. Жер аралап, өнер сайысына да қатысып үлгердік. Шаршадық, бірақ шабытқа кенелдік. Бәсекелестердің саны көп болды. Түрлі қаладан жиылған 60-қа жуық ұжым 100-ден аса нөмір көрсетті. Біз мақсатымызға жеттік деп мақтанышпен айта аламын.
«Бұл жеңіс – тәртіп пен талап, таудай еңбек пен ұйымшылдықтың жемісі», – дейді хореографтар.
МАРИЯ БЫЧКОВА, “Экспромт” халықтық би театрының хореографы:
— Қазылар алқасы халықтық стильденген биімізге – бас жүлде, көшелік биге – 2-ші орын, эстрадалық биге 1-ші орын берді. Байқауға бізден 28 қатысушы бардыю
ВИКТОРИЯ НОВИЦКАЯ, “Экспромт” халықтық би театрының хореографы:
— Сахна өзінің ауқымдылығымен таңғалдырды. Біз халықаралық өнер додасында ел намысын абыроймен қорғадық.
Қазір экспромттық бишілер қала күніне қызу дайындалып жатыр, кейін бір демалыс алсақ деген ойларымен бөлісті.
Ақтолқын Солтанханқызы, Данаш Хамза