БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
— Бұл – көпшілік аса біле қоймайтын Жаңасу ауылы. Елдімекен Ғабит Мүсірепов ауданында орналасқан. Топырағына мемлекет және қоғам қайраткерінің, Соцалистік Еңбек Ерінің табаны тиген. Ол – ілкімді істерімен елге танылған, адалдығымен және әділдігімен құрметке бөленген Еркін Әуелбеков. Көзі тірі болса биыл атағынан ат үркер тау тұлға 95 жасқа толар еді.
Ауасы саф, суы мөлдір, табиғаты аса көркем мекеннің күллі Қазақстан тарихында маңызы зор. Бұл жерде Алаштың ардақтысы Еркін Әуелбеков құндақталды, бесікте тербелді, білім алды. Алақандай ғана Жаңасу ауылы бұрын Фрунзе деп аталған.
СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
— Мектепті алтын медалмен аяқтаған. Одан кейін Мәскеудегі Тимирязев академиясына түседі. Оны қызыл дипломмен тәмамдайды. Дипломын ұзақ жыл таба алмаған едік. Қостанайдан тауып алдық. Ол елге оралғасын ел өміріне белсенді араласады. Бірнеше айдан кейін Николаев МТС-іне директор ретінде тағайындалады.
Бұл білімді де, білікті маманның, қайсар қайраткердің қызмет баспалдағын енді ғана аттауы еді. Заманының заңғары саналатын Еркін Әуелбековтің бойындағы ұйымдастыру және көшбасшылық қасиеті оны үнемі алға жетеледі. Қарапайым агрономнан министр дәрежесіне жеткенін кеуде қаға айтуымыз қажет. Жерлесіміз күрделі жолды еңсеруге көп уақыт арнамады.
СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
— Шын мәнінде 14 жылдың ішінде министр атанған. Бірден-бір тұлға деуіміз қажет. Біз Алаш қайраткерлерін айтамыз. Смағұл Сәдуақасұлы 25 жасында Ағарту министрі болған. Мұндай азаматтарымыз кеңес дәуірінде де болды. Соның бірегейі – Еркін Әуелбеков.
Ел мақтаған Соцалистік Еңбек Ерінің 95 жылдығына орай Ғабит Мүсірепов ауданының орталығында ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылды. Шалғайдан меймандар келген шара басталмас бұрын көпшілік кемеңгердің бюстіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Бұл рәсімге облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов пен Еркін Әуелбековтің жақындары қатысты.
Жұртшылық қынжыла еске алған Еркін Әуелбеков жайлы еліміздің бірнеше өңірінде жиі айтылады. Ол Қазақстанның 3 бірдей аймағын басқарды. Президент кеңесшісі болды, енді ғана Тәуелсіздікке қол жеткізген мемлекетіміздің аяққа тұруына үлес қосты. Бұл жайлы облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың құттықтау хатында айтылады. Оны көпшілікке Жүсіп Жұмағұлов оқып берді.
ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
— Дара тұлғаның кемеңгер басшылығының арқасында Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстарының әлеуметтік-экономикалық деңгейі өсті, қызмет атқарған жылдары елдің есінде ерекше қалдырды. Оның басшылығымен елімізде инфрақұрылым жақсарды, қала мен ауыл келбеті түбегейлі өзгерді.
Ардақты ұлдың ісі мен жақсылығын халық ұмытқан жоқ, жиі еске алады, жиі айтады. Еркін Әуелбековті Алаштың анасы саналатын Сыр елі ерекше құрметтейді. Мерейтойға сонау Қызылордадан арнайы топ келіпті. Мінберге шығып, сөз сөйлеген ел ағалары қайраткердің қажырлы еңбегін айтып, бойды тітіркендірді.
БӘКІР ӘБДІЖӘЛЕЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты:
— Жезқазғанға қарайтын “Құмкөл” деген мұнай алаңы болды. Еркін Әуелбеков Мәскеумен келіскеннен кейін сол мұнай алаңы Қызылорда облысына жалға берілді. Бұл кен орны Қызылорда халқының әл-ауқатына көп әсер етті. Осы “Құмкөл” болмағанда біздің жағдайымыз басқаша болар еді. Бұл Ерекеңнің айрықшы ерлігі деп білеміз.
Арал теңізінің тартылуы – қазақтын бас қайғысы. Басшылық еткен жылдары Еркін Нұржанұлы осы мәселеге де айрықша мән беріпті. Соның нәтижесінде күллі кеңес одағында басымдыққа ие бірнеше қаулы қабылданған.
СӘДУАҚАС АҢСАТ, Е. Әуелбеков атындағы республикалық қоғамдық қордың Қызылорда облыстық филиалының жетекшісі:
— Еркін Әуелбеков ғылыми институттарға Арал аймағын зерттеу бойынша алғаш тапсырма берді. Осыдан соң ғана апат дәлелденді. 1989 жылы Арал аймағындағы апатқа қатысты заң шықты. Сол заң аясында халыққа көп жеңілдік жасалды.
Мысалы, Арал, Қазалы және Қармақшы аудандары тұрғындарының жалақысына 50 пайыз үстемақы және жыл сайынғы демалыстарына 12 күн қосылған. Өзге аудандардың халқына да осыған ұқсас жәрдем беріліпті. Бұл – басшының батылдығы, жұртқа жақындығы. Еркін Әуелбеков жайлы айта берсе дерек көп. Ұлтын сүйген ұлдың құрметіне Жаңасудың іргесінде этноауыл құрылды. Мұнда мерейтойға байланысты думан ұйымдастырылды.
Кешегі Ақандар ән салған мекен домбыраның үнімен жаңғырды. Ал мына жақта белдескен палуандар Балуан Шолақтарды жадымызға салды. Жай ғана еске түсірмеді, білекті жігіттер тойдың сәнін келтірді.
Делебесі қозар қазақ үшін ат жарыстың жөні бөлек. Мерейтойға байланысты құнан жарыс, жергілікті аттардың сайысы және аламан бәйге ұйымдастырылды. Құлагердің құйрық-жалы таралған мекенде қиқуға салмаған адам қалмады. Туған жерінен топырақ бұйырған Еркін Әуелбековтің аруағы мұндай құрметті сезініп, бір аунап түскені айдан анық.
Байболат Құлтанов