Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Петропавлда ХІІ азаматтық форум өтті

“Уақытпен үндес үн”: Азаматтық қоғам және ұлттық құндылықтар. Петропавлда үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен ХІІ азаматтық форум өтті. Қазіргі таңда аймақта 460-тан астам бірлестік бар. Оның 80-і аудандарда орналасқан. Ұйымдар түрлі жобаларды жүзеге асыру арқылы облыстың дамуына зор үлесін қосып келеді. Бірлестіктердің атқарған жұмысын отырыстың шымылдығын ашқан облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов жоғары бағалады.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

— ҮЕҰ – билік пен залықтың арасындағы көпір болып табылады. Биыл біз аталған бірлестіктермен бірге ұлттық құндылықтар мен патриотизмді дамытуға арналған түрлі жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз. Ойлағанымызды тек күш-жігерімізді біріктірсек қана іске асыра аламыз.

Форумға арқау болған тақырып өзекті. Азаматтық қоғам адамдардың құқығы мен бостандығын қамтамасыз етеді. Көбінесе әлеуметтік мәселелерді алға қойып, оларды шешуді мақсат тұтады. Яғни, халықтың мүддесін қорғайтын ең негізгі сала деп айтуға болады. Басқосуға арнайы келген ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова ҮЕҰ-ға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау көрсетілетінін атап өтті.

АЙЗАДА ҚҰРМАНОВА, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:

— СҚО-да жастарға көп көңіл бөлінетіні қуантады. Өңірлегі ҰЕҰ аса белсенді. Халықпен тығыз байланыста. Мақтауға тұрарлық деп айтқым келеді.

Шарада ұмыт қалып бара жатқан ұлттық құндылықтар мен ата-ананың балаға жеткілікті көңіл бөлмеуі жайлы мәселелер көтерілді. Соңғы аталған олқылықтың орнын толтыру мақсатында “Сенімен Болашақ” ұйымының өкілдері ауқымды жұмыс атқарып келеді. “Ел боламын десең, бесігінді түзе” деп ұрандатқан белсенді азаматтар 6 айдың ішінде 60-тан астам іс-шара өткізген. Ұйым филиалының жетекшісі Жанат Мұхамеджановтың айтуынша, ата-ана бала ес білгеннен бастап тәрбиесін қолға алуы қажет. Нәтижесінде елімізде жастар арасындағы қылмыс саны азаяр еді. Айта кету керек, бірлестік “Жұмысшы мамандықтары жылы” аясында да біршама шаруа тындырыпты

ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, “Сенімен Болашақ” РҚБ СҚОФ жетекшісі:

— Былтырғы статистика бойынша облыста 5 мыңға жуық жұмысшы маман жетіспейді. Біз аталған олқылықтың орнын толтыру мақсатында оқушыларды 51 кәсіпорынға апардық. Еңбеккерлермен тілдестірдік. Аталған салаға байланысты түрлі ғылыми жобалар байқауын ұйымдастырдық.

Бұл алқалы жиынның республикалық деңгейдегі жалғасы күзде Астана қаласында өтеді.

 

Нұрасыл Ахмет