Петропавлда бос орындар жәрмеңкесі өтті. Еңбек етемін деген жандар үшін жас айырмашылығы жоқ. Мұнда жас мамандарға да, егде жастағы жандарға да жұмыс қарастырылған. Мәселен, Бауыржан Бисары қазір зейнеттік демалыста. Соған қарамастан азамат үйде қол қусырып бос отырғанша екі қолға бір күрек табу мақсатымен жәрмеңкеге келген.
БАУЫРЖАН БИСАРЫ, қала тұрғыны:
— Креативті орталықтан бүгін бос орындар жәрмеңкесі болатынын естідім. Бүгінгі шараның бір жақсы жері – қала аралап жұмыс іздеп жүрмсейсің. Қалаған мекемеге барып өз сұрақтарымды қоя аламын. Мен өзім 3-4 жерде болдым.
Өңірде 5 мыңға жуық азамат жұмыссыз жүр. Бүгінгі шараға жұмыс ұсынған 40-қа жуық ұйым өкілі келді. Солардың арасында облыстық мамандандырылған күзет қызметінің мамандары да бар. Мұнда қатарға және басшы құрамға қызметкерлер керек. Үміткерлер бірқатар талапқа сай келуі қажет.
НАУРЫЗБАЙ ҚАСЕНОВ, СҚО мамандандырылған күзет қызметі взвод командирінің көмекшісі:
— Үміткерлерге қойылатын талаптардың бірі – бойы 170 см-ден кем болмауы керек. Білімі арнайы орта болған жөн. Сонымен қатар, физикалық нормативтер орындауы тиіс. Кейін Шымкент қаласына екі айға оқуға жібереміз.
Жәрмеңкеге тек петропавлдық емес, облыс аумағындағы түрлі ұйым өкілдері де жұмысшы іздей келген. Жалпы, өңірде мұндай шаралар жиі өткізіліп тұрады. Биылдың өзінде 80-нен астам жәрмеңке ұйымдастырылыпты. Нәтижесінде 3 мыңнан астам жан жұмыспен қамтылған.
Ақтолқын Солтанханқызы