28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні. Мемлекет пен халық арасында алтын көпір атанған жандардың жұмысы оңай емес. Олар отқа да, суға да түседі. Мұны өз құттықтауында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов атап өтіп, аймақтың дамуына үлесін қосқан маңдайалды мамандарға табыс тіледі.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Бұл – үлкен мереке. Сіздер әрқашан да алдыңғы қатарда жүресіздер. Суық пен ыстыққа қарамайсыздар. Елді игі іске жұмылдырып, берекемізді сақтап, татулығымызды нығайтуда ауқымды жұмыс атқарып келесіздер.
Дәстүр бойынша мұндай жиында жыл сайын халыққа ақпарат жеткізу жолында аянбай еңбек ететін азаматтардың еңбегі еленеді. Шарада аталған салада талай жыл тер төккен жандар Мемлекет басшысының үкімімен орден және медальмен марапатталды. Солардың арасында МТРК телеарнасының директоры Ерлан Тоқшылық та бар. Ерлан Бейсенұлына бүгін еліміздің дамуына қосқан зор үлесі үшін “Құрмет” ордені табысталды.
Қаламы қарымды журналист Өмір Есқали БАҚ саласында жарты ғасырға жуық төгіп келеді. Өмір Шалабайұлы күрмеулі мәселе туралы мақалалар жазып, оқырманның жүрегінен ойып тұрып орын алды. Бүгін ол “Еңбек ардагері” медаліне ие болды.
ӨМІР ЕСҚАЛИ, облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің бөлім меңгерушісі:
— Тек білімді адам ғана журналист бола алады. Әрдайым ізденісте болу қажет. Ештеңеден қорықпауы тиіс.
Кәсіби мереке қарсаңында құрмет-қошеметке 60-тан астам адам бөленді. Еңбектері еленгендердің арасында МТРК телеарнасының редакторлары да бар.
Нұрасыл Ахмет