Мәдениет

Қара шаңырақ қабырғасында қазынаға толы музей ашылды

Мереке қарсаңында “Soltústіk Qazaqstan” газеті редакциясында ақ түйенің қарны жарылды. Қара шаңырақ қабырғасында қазынаға толы музей ашылды. Бұл жерге ондаған жылдық тарихы бар дүниелер қойылған. Әр жәдігер өткеннен сыр шертеді.

ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙҰЛЫ, «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС директоры:

— Алаш қайраткерлерінен көп нәрсе қалмаған. Соғысқа барған майдангерлер бар. Біздің редакциядан 6 адам соғысқа қатысыпты. Солардың заттарын музейге қойдық.

Музейдің ашылу салтанатына бір топ адам қатысты. Алыстан келген қонақтар да бар. Солардың бірі – Шашубай Малдыбаев. Қазір алатаудың баурайында тұратын ел ағасы туған жерді, өзі 70-ші жылдары еңбек еткен шаңырақты сағыныпты.

ШАШУБАЙ МАЛДЫБАЕВ, “Soltústіk Qazaqstan” газетінің бұрынғы тілшісі:

— Естігеннен гөрі көрген, оқыған дұрыс. Газеттің маңызы зор. Кезінде өңірде жалғыз қазақ газеті шығатын. Ол – қазіргі “Soltústіk Qazaqstan”, бұрынғы “Ленин туы” газеті. Кезінде халық сүйіп оқыды, сүйіспеншілікпен жазылды. Өзім осы жерде 20 жыл еңбек еттім.

Музейдің есігі әрқашан ашық. Басшылық көбірек адам келгенін қалайды. Қызметкерлер ат басындай алтыннан қымбат дүниелермен таныстыруға әзір.

ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙҰЛЫ, «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС директоры:

— Оқырмандар, бұрынғы әріптестеріміздің жақындары, студенттер келе алады. Музейдің есігі әрдайым ашық болады.

Айта кетейік, биыл “Soltústіk Qazaqstan” газетінің алғашқы саны жарық көргеніне 105 жыл толып отыр. Музейдің ашылуы осы тарихи датаға арналған.

 

Байболат Құлтанов