Мәдениет

Бике ауылы жайлы кітап оқырманға жол тартты

Орны дара, халқы дана Бике ауылы. Петропавлда аталған елді мекеннің тарихы мен тыныс-тіршілігі бейнеленген кітап жарық көрді. Туындының авторы – ауылдың тумасы Ғалия Өмірбекова. Осы ретте ауыл неге Бике деп аталған деген сұрақ туындайды. Бике анамыз 18-19 ғасырларда өмір сүрген. Елдің дамуына зор үлесін қосқан. Ауылда дау-дамай болса тұрғындар ең алдымен есімі аталған ақ жаулықтыға жүгінген екен.

ҒАЛИЯ ӨМІРБЕКОВА, “Бике елінің тарихы” кітабының авторы:

— Ауылым 2020 жылға дейін Ленин деп аталып келді. Жерлестерімнің арқасында осыдан 5 жыл бұрын Бике аты берілді. Қазіргі таңда елді мекенде 93 түтін бар. 300-дан астам адам тұрады.

Қазақ халқы атам заманнан ананы, қыз баланы құрметтеген. Тіпті, ел билеген нәзікжандылар да аз емес. Домалақ ана, Бопай ханым, Күнбике, Зере аналардың елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі мен ерлігі әр кез ұрпақ жадында. Таспасы қиылған туындыдан да елімізде бұрымдылардың қоғамда атқаратын рөлі жоғары болғанын көре аламыз.

ДӘСТЕН БАЙМҰҚАНОВ, өлкетанушы:

— Атам заманда әйел адамның рөлі ерлерден де жоғары болған. Ел басына күн туған сәтте сытылып шығар жолды әйелдер тапқан.

Айта кету керек, кітап 10 бөлім, 256 беттен тұрады. Қазірдің өзінде 1000 данасы басып шығарылған. Ғалия Әскерқызы туындыны 3 жыл бойы жазған. Нәзікжанды еңбегі еш қалмай, кітап әр Бике елі азаматының үйінің төрінде ілініп тұрғанын қалайды.

 

Нұрасыл Ахмет